Жамбыл облысында 22 бала уланып, ауруханаға жеткізілді. 12 мен 17 аралығындағы жасөспірімдер Қызылорда облысынан күрес бойынша оқу-жаттығу жиынына қатысу үшін келген. Алдын ала диагноз анықталмаған этиологиядағы гастроэнтерит, деп хабарлады өңір әкімдігі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аурудың себебін анықтау мақсатында зардап шеккен балалардан және тұтынған тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынған. Қазіргі таңда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Балалардың медициналық мекемеге жеткізілгені туралы дерек жергілікті полиция департаментінде тіркелген.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен әкім орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов оқиға орнына барып, жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді.
Қазіргі уақытта жасөспірімдер дәрігерлердің бақылауында, барлығының жағдайы тұрақты.
Ал оқу-жаттығу жиынына қатысқан өзге адамдар — 103 бала мен 13 жаттықтырушы толық медициналық тексеруден өткен, олардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталған жоқ.
