Кәсіпкер және Қазатомпромның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев жаңа жоба бастады. Алайда оған кедергі келтірушілер пайда болған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Жәкішев журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында айтты. Мұхтар Жәкішев кеннен никель алудың бірегей технологиясын жасап шығарған. Оның әлемде баламасы жоқ. Алайда елде Жәкішевтің бұл жобаларын аяқтан шалып жатқандар табылған.
"Жапониядағылар 50 пайыз инвестиция құюға дайын. Бұл Жапония үкіметінің реакциясы. Ал біздікілердің реакциясы қандай?
Бастапқыда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хат жібердік. 2023 жылдың 13 маусымында министрлікке хат жолдадық. Хатта кен орнынан никель өндіруге тиісті уран технологиясына негізделген бұрынғы ескі өндірістік бағдарлама жұмыс істемейтінін айттық. Біз ол туралы 1,5 жыл зерттеу жүргіздік. Бұл технология жұмыс істемейтініне көз жеткіздік. Қол қусырып отырмай, әлемде баламасы жоқ технология ойлап таптық. Ол технологияның артықшылығы неде? Біз никельді осы технологияның нәтижесінде аламыз, ол "жасыл" технология, яғни артық қалдық болмайды. Бұл әлемдегі алғашқы "жасыл" никель болмақ. Хатта осының бәрін баяндадық. Бірақ вице-министр Шархан Иран бас тартты. Бұл бірінші хат", - дейді Жәкішев.
Артынша қарашада Жәкішев министрліктегілер бұған дейін хатта жазылған нәрсені түсінбей қалған болар деп ойлап, бұрынғы технология жұмыс істемейтінін тағы айтып, жаңа бағдарлама ұсынып, қайтадан хат жіберген.
"Қайтадан бас тартты (министрлік). Одан кейінгі хатты 25 қаңтарда жібердік. Қайтадан ұсынысымызды қабылдамай, бас тартты. Құжатқа Шархан Иран қол қойған", - дейді Мұхтар Жәкішев.
Айта кетейік, Мұхтар Жәкішевтің сөзінше, ол әзірлеген технология Қазақстан аумағында орналасқан кен орындарын игеруге мүмкіндік беретін көрінеді.