Іздеуде жүрген Арғын Нығматулиннің әйелі Найле Бельбаева Алматының элиталық ауданында құны 1,5 млрд теңге болатын таунхаусқа иелік етеді. Бұл мүлік бұрынғы “Алмалы Горная 103 Б” тұтынушылар кооперативінің аумағында орналасқан, оның құрылтайшыларының бірі – Найле Бельбаева. 2022 жылы кооператив жабылғанымен, деректер базасындағы ақпарат оның бұл активке әлі де иелік ететінін көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz "Выход к морю" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Элиталық тұрғын кешені қайда орналасқан?
Аталған кешен Алматының Медеу ауданында, әйгілі “Медеу” мұз айдынына баратын жол бойында, Керей-Жәнібек хандар көшесінде (бұрынғы Горная) орналасқан. Мұнда барлығы 12 таунхаус бар, кешеннің аумағы жабық және жеке күзеті бар.
Арғын Нығматулин мен оның әйелі Найле 103/17, 2-корпуста тұрады. Олардың иелігінде 600 м² тұрғын үй, жеке автотұрағы, шатырда террасасы және шағын бағы бар. Таунхаустың терезелері Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясына қарайды. Қазіргі таңда бұл мүлік мемлекет меншігіне өткен.
Көршілері кім?
Найле Бельбаеваның көршілері арасында белгілі адамдар бар. Солардың бірі – Нұрлан Нигматулиннің тағы бір ағасы Ерланның жары Бақыт Серікбаева. Жалпы, бұл кешенде кездейсоқ тұратын адам жоқ. Бастапқыда кооператив құрылтайшылары қатарында:
- Асқар Баталовтың (бұрынғы вице-министр) жұбайы Ақмарал,
- Руслан Шаекиннің (бизнесмен) әйелі Жанна Оспанова,
- Дәурен Жақсыбектің (банкир) жары Жанна Жақсыбек,
- Нұрлан Игембаевтың (KTZ Express-тің экс-басшысы) қайыненесі Марфуға Балтабаева,
- Аниятулла Сәрсеновтың (Алматыдағы қаржы мониторингі департаментінің бұрынғы басшысы) қарындасы Ляззат,
- Кәсіпкерлер Ерқанат Жұмабеков пен Нұрлан Байдібеков болған.
Заңмен проблемасы бар тағы бір көрші – Елдос Қоспаев. Ол Болат Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі болған. 2024 жылдың қаңтарында Қоспаев қылмыстық топ құрғаны үшін 15 жылға сотталды.
Айта кетейік, 3 наурызда Арғын Ниғматулинге іздеу жарияланып, ол және басқа тұлғалар Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.