Абай облысында жолаушылар автобусы аударылып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
31 қаңтарда сағат 10:30-да 102 арнасына Семей-Қайнар тасжолының 62-шақырымында, Знаменка ауылының маңында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәліметке сәйкес 52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, кейін бүйіріне қарай аударылған.
Абай облысы Полиция департаменті мәліметінше, автобус салонында вахталық жұмысқа бара жатқан 50 жолаушы болған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушылар дене жарақаттарын алған. Барлығына уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Бұл дерек бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деді полиция.
Полиция департаменті жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға, ауа райын ескеруге шақырды.
