Иран билігі 2026 жылдың қаңтарында шарықтау шегіне жеткен үкіметке қарсы жаппай наразылықтарға қатысты деген айыппен екі ер адамның дарға асылғанын хабарлады. Бұл туралы 19 шілдеде AFP және Fars агенттіктері мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өлім жазасы Эрфан Эсфандиари мен Гол-Мохаммад Мохаммадиге қатысты орындалған.
Иран билігінің мәліметінше, олар Исфахан қаласында (Тегераннан оңтүстікке қарай шамамен 340 шақырым жерде) полиция қызметкерлерін жол белгісіне арқанмен байлап, таспен жарақаттап, кейін үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберген. Сот органдарының мәлімдеуінше, құқық қорғау қызметкерлері қаза тапқаннан кейін олардың денелері бөлшектелген.
Ресми нұсқаға сәйкес, бұл оқиға видеоға түсіріліп, кейін шетелдік телеарналарға жолданған. Алайда мәлімдемеде күдіктілердің қашан ұсталғаны, сот процесі қашан өткені және олардың жасы туралы ақпарат жарияланбаған.
Ирандағы жаппай наразылықтар
Иранда жаппай наразылықтар 2025 жылдың желтоқсан айының соңында басталып, билік оларды күшпен басты. Алғашында халықтың көшеге шығуына өмір сүру құнының қымбаттауы себеп болғанымен, кейін наразылықтар үкіметке қарсы ауқымды шерулерге ұласты. Ең қызған кезеңі 2026 жылдың 8–9 қаңтарына сәйкес келді.
Иран билігі тәртіпсіздіктер кезінде 3 мыңнан астам адамның қаза тапқанын хабарлап, оқиғаларды АҚШ пен Израиль ұйымдастырған «террористік әрекеттердің» салдары деп бағалады.
Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары Иранның қауіпсіздік күштері демонстранттарға оқ атқанын мәлімдеген.
Осы оқиғалардан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери араласу мүмкіндігін ескерткен. Кейін, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына бірлескен соққы жасап, бұл Таяу Шығыстағы соғыстың басталуына түрткі болды.