ІІМ ата-аналарға ескерту жасады

Көркем Алдабергенова 12 нау. 2026 12:17

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасап, жасөспірімдерді есірткі тасымалдауға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарту жағдайлары көбейгенін ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, қылмыстық топтар жасөспірімдерді «закладка» қоюға тарту үшін оларға оңай әрі тез табыс табуды уәде етеді.

Алғашында ұсыныс зиянсыз жұмыс сияқты көрінеді. Алайда кейін жасөспірімдер бопсалау мен қорқытуға тап болып, қылмыстық схемаға толықтай тәуелді болып қалады.

Жыл басынан бері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін 23 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік өте қатаң екенін ескертті. Қазақстан заңнамасына сәйкес, кейбір баптар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14–16 жастан басталады.

Атап айтқанда:
– есірткі заттарын сақтау – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
– есірткіні сату немесе тасымалдау – 7 жылдан 12 жылға дейін;
– есірткіні насихаттау – 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың араласатын ортасына және олардың табыс көздеріне назар аударуға шақырды.

Ал жастарға полиция мұндай әрекеттердің салдары ауыр екенін ескертеді.

"Қазірдің өзінде 23 жасөспірім қамауға алынды. Олардың қателігін қайталамаңыздар", – деп ескертті ІІМ өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove