Freedom Inside '26

ІІМ алаяқтардың жаңа айласы туралы ескерту жасады

ІІМ алаяқтардың жаңа айласы туралы ескерту жасады
gov.kz

Ішкі істер министрлігі азаматтарды жаңа алаяқтық тәсіліне байланысты сақ болуға шақырды. Кейінгі уақытта алаяқтар күштік және құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен суретін пайдаланып, жалған аккаунттар ашып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, қаскөйлер мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы өздерін лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс ретінде көрсетеді. Кейін түрлі себепті алға тартып, шұғыл түрде ақша сұрайды.

ІІМ өкілдері мұндай хабарламаларға сенбеуге кеңес берді. Тіпті хабарлама таныс адамның атынан келсе де, ақпараттың рас-өтірігін нақтылап алған жөн.

Сондай-ақ, азаматтарға SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының дерегін, құпиясөздерді және өзге де жеке мәліметті ешкімге бермеу, күмән тудыратын сілтемелерге өтпеу әрі белгісіз қосымшаларды жүктемеу ұсынылды.