Жұмыс істемейтін несиелердің үлесі (NPL) банк жүйесінің сапасын анықтаушы негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады. Halyk Finance сарапшылары кезекті зерттеуінде сапасы нашар несиелердің (NPL) ең көп үлесі қай ірі банктерге тиесілі екенін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Halyk Finance жүргізген зерттеуге және 2025 жылдың 1 қазанындағы несие портфелі деректеріне сәйкес, сапасы нашар несиелердің ең жоғары үлесі шоғырланған бес ірі банк анықталды. Олардағы үлестің жалпы сомасы 795,2 млрд теңге болып, банк секторындағы сапасы нашар несиелердің тең жартысынан көбін (55,4% ) құрады. Атап айтқанда олар:
- Alatau City Bank: 9,4%,
- Еуразиялық банк: 8,3%,
- Bereke Bank: 6,6%,
- Home Credit Bank: 6,1%,
- Kaspi Bank: 5,2%.
Жұмыс істемейтін несие (NPL немесе "90 күннен артық кешіктіру") — қарыз алушының сыйақы мөлшерлемелері мен негізгі қарызды өтеуін тоқтатқан "нашар" несие. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл қайтарылу мүмкіндігіне үлкен күмән келтірілетін несие.
Банк портфеліндегі NPL-дің жоғары үлесі банктің несиелік саясатының сапасы мен болашақ шығындарынан хабар беретін дабыл белгісі. Банктер осындай несиелер бойынша резервтер құруға міндетті, бұл олардың кірістілігін төмендетеді. Банк секторындағы барлық "нашар" несиенің жартысынан көбінің бес ірі банк маңына шоғырлануы реттеуші орган мен салымшылар үшін де маңызды көрсеткіш болып табылады. Жалпы, Қазақстандағы NPL-ға қатысты жағдай бақылауда болғанымен, жекелеген ойыншыларда бұл көрсеткіш мәнінің жоғары болуы олардан борышкерлермен неғұрлым мұқият жұмыс істеуді және тәуекелдерді басқаруды талап етеді.
Жалпы, 2025 жылы тамызда еліміздің банк секторындағы активтер, несиелер мен депозиттер қарқынды өсімді көрсетті. Алайда ең төменгі резервтік талаптардың қатаңдауы мен рентабельділік маржасындағы айырма төмендей бастаған:
- несиелердің жиынтық портфелі айына 2,8%-ға (+13,6%, жыл басынан бері: +24%) артып, 40,8 трлн теңге болды.
- бөлшек несиелер корпоративті несиелерге қарағанда тез өсті: айына +3,1% тиісінше +2,3%.
- тұтынушылық несиелер айына + 2,1% өсіп, портфельдің 39,2% үлесіне ие.
- несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 18,7%-ға дейін төмендеді (заңды тұлғалар бойынша — 18,1%, жеке тұлғалар бойынша - 19,3%).
- жұмыс істемейтін несиелердің үлесі (NPL90+) тұрақты — 3,5%.