Halyk Finance сарапшылары қазіргі инфляцияға байланысты жағдайларды екшей отырып, осы аптада шешім қабылдауы тиіс Ұлттық банк базалық мөлшерлеме көлемін қазіргі қалпында, өзгеріссіз қалдырады деп санайды. Олар реттеуші орган биыл онсыз да монетарлық саясатты асыра күшейткенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ұлттық Банк биыл наурызда базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін өсірді, ал сәуірде ол өзгеріссіз қалды. Қазіргі инфляция жағдайын ескерсек,біздің ойымызша, Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейінбұл жолы да өзгеріссі, қазіргі күйінде сақтап қалуы ықтимал. Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда жоғары базалық мөлшерлемені сақтау анағұрлым қолайлы көрінеді, өйткені ел экономикасына бағытталмақ 8 трлн теңге көлеміндегі жеңілдетілген қаржыландыру түріндегі үкіметтік бағдарлама іске асырылған жағдайда инфляцияның күшеюі заңды", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Арсылан Аронов.
Оның айтуынша, мамыр айында жылдық инфляция деңгейі 11,3%-ға дейін өсті, ал сәуір айында бұл көрсеткіш 10,7%, наурызда 10,0% болды.
Тұтыну себеті тұрғысынан инфляцияны жеделдеуіне қызметтер (16,0%), азық-түлік тауарлары (9,6%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар (9,0%) бағасының жылдық өсімі ықпал етті. Бірақ бір ай барысында инфляция баяулап келе жатқанын және мамыр айында ол 0,9%-ды (сәуірде - 1,2%, наурызда - 1,3% және ақпанда - 1,5%) құрағанын атай кеткен жөн.
Ақпан-наурыз айларында айлық инфляцияның жеделдеуіне ықпал етуші негізгі факторлар: қараша-қаңтар айларында теңгенің айтарлықтай әлсіреуі және халыққа ақылы қызметтерге, атап айтқанда, мемлекет реттейтін және базалық мөлшерлеменің өзгеруіне қатысты серпімді емес ТКШ қызметтері тарифтерінің үздіксіз өсімі орын алды.
"Алайда,теңгенің әлсіреу факторлары және ТКШ тарифтерінің бір реттік өсімінің инфляцияға әсері алда төмендейді, ал айлық инфляция жыл соңына қарай анағұрлым бәсеңдей түсуі тиіс", - дейді сарапшы.
Жалпы, қалыптасқан үрдістер баға динамикасының тұрақтануын көрсетеді: базалық және маусымдық тазартылған инфляцияның қалыпқа келу белгілері байқалады. Инфляциялық күтулерді талдау аралас көріністі көрсетеді: егер халықтың алдағы бес жылдықты қамтитын ұзақ мерзімді күтулері 14,3% - ға (наурызда 13,5%) дейін өссе, ал қысқа мерзімді күтулер наурыз айында 12,6% -дан 12,2% - ға дейін төмендеген екен.
"Осы жағынан алғанда, ағымдағы макроэкономикалық деректер мен Қазақстандағы инфляцияның болжамды динамикасы негізінде Ұлттық Банк, біздің ойымызша, базалық мөлшерлеме деңгейін алдағы отырыста өзгеріссіз қалдырады. Сонымен қатар, біз мынандай бір маңызды аспектіге назар аудартқымыз келеді: Қазақстанның ағымдағы экономикалық саясатында екі негізгі бағыттың арасында айқын қайшылық байқалады. Бір жағынан, үкімет инфляция өсімін ынталандырушы ел экономикасына 8 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтитын ауқымды бағдарламаны іске қоспақ, ал екінші жағынан, Ұлттық Банк инфляцияны тежеу үшін жоғары базалық мөлшерлемені қолдауда. Бұл шаралар бір-біріне қарама-қайшы, өйткені оларды бір уақытта қолдану ақша-несие және фискалдық салық саясатының тиімділігін төмендететін көп бағытты әсерлерді тудырады. Жеңілдетілген несие бағдарламалары ақшалай ұсыныс пен жиынтық сұранысты арттыра отырып, бизнес пен халықты қолдауға бағытталған. Дегенмен, шектеулі өндірістік қуат пен тұтынысқа жоғары бейімділік жағдайында бұл сөзсіз инфляциялық қысымның артуына әкеледі. Сонымен қатар, 16,5% мөлшерлеме несиелендіруді қымбатқа түсіреді, бұл экономиканы салқындатып, инфляцияны бәсеңдетуі керек. Біздің ойымызша, қазіргі жағдайда жоғары базалық мөлшерлемені сақтау анағұрлым қолайлы", - дейді Арсылан Аронов.
Айта кетсек,"Сентрас Секьюритиз" сарапшылары да мамыр айында базалық мөлшерлеме сол күйінде сақталады деп бажайлайды.