Halyk Bank Басқармасының құрамы тағы екі адаммен толықты. Олар - Тілеген Маткенов және Андрей Заварзин. Екеуі де Үміт Шаяхметованың орынбасары лауазымына сайланды. Мұндай шешімді 7 наурызда аталған банктің директорлар кеңесі қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының сайтында 12 наурызда пайда болды.
Тілеген Маткенов Halyk Bank-тің қауіпсіздік мәселелерін қадағалайтыны белгілі. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, ол 2019 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарған, полиция генерал-майоры атағына ие.
Андрей Заварзиннің құзыретіне ақпараттық технологиялар мәселелері кіреді. Бұл мәліметті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз хабарламасында нақтылайды. Бұған дейін ол Halyk Bank-тың еншілес ұйымы, ақпараттық телекоммуникациялық провайдер - "Қазтелепорт" АҚ Директорлар кеңесіне басшылық еткен болатын.
Осылайша, Қазақстанның ең ірі банкінің атқарушы органының құрамы тоғыз адамға дейін артты:
Басқарма төрағасы — Үміт Шаяхметова,
Басқарма төрағасының орынбасарлары:
- Ольга Вурос,
- Мұрат Көшенов,
- Дәурен Сартаев,
- Роман Машчык,
- Нариман Мұқышев,
- Ертай Сәлімов,
- Тілеген Маткенов
- Андрей Заварзин.
Бұған дейін 2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторының активтері, сондай-ақ кредиттер мен депозиттер қоржындарының саны күрт қысқарғанын жазғанбыз. Бұл туралы Halyk Finance ұсынған талдауда айтылады.