2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша банк секторының активтері, сондай-ақ кредиттер мен депозиттер қоржындарының саны күрт қысқарды. Несие динамикасы теріс мәнге ие, сарапшылардың пікірінше, бұл корпоративтік несиелеу көлемінің төмендеуіне байланысты болды, ал бөлшек сауда секторының өсімі 2024 жылға қарағанда төмен қарқында дамыған. Банктердің несие портфелінің де сапасы нашарлаған: 30 күннен астам кешіктірілген және NPL90+ несиелер үлесі өсті. Бұл туралы Halyk Finance-тің банк секторына жасаған шолуында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2024 жылдың аяғында маусымдық сипатқа байланысты өсімнен кейін қаңтар айында жеке және заңды тұлғалардың депозиттік портфелінің саны қысқарды. Бұл ретте депозиттерді долларландыру деңгейінің шамалы өсімі байқалды. Капиталдың жеткіліктілік деңгейі әлі де заңмен белгіленген нормативтерден асып түсуде. Капитал мен активтердің кірістілігі өсуде. Ұлттық банк алып қойған өтімділік көлемі, негізінен депозиттік аукцион арқылы жүргізілген операциялар есебінен шамалы өсті.
Банк секторы активтерінің төмендеуі
2025 жылғы қаңтарда коммерциялық банктердің активтері 1,5%-ға, яғни 60 610 млрд теңгеге дейін азайды, ал желтоқсанда, керісінше 4% өсім болған. Сонымен қатар активтер құрамында банктердің бағалы қағаздар портфелінің 3,4%-ға, яғни 12 061 млрд теңгеге дейін және өтімді активтер 3,3%-ға, демек 21 636 млрд теңгеге дейін қысқарды. Бұл ретте банк секторының барлық активтерінің құрылымындағы өтімді активтердің де үлесі азайып, 35,7% -ды (желтоқсанда - 36,3%) құрады.
Несиелік портфельдердің қысқаруы
2025 жылғы қаңтарда банктер берген кредиттердің жиынтық портфелі 0,7%-ға, яғни (желтоқсанда +2,5% болған) 35 699 млрд теңгеге дейін қысқарды. Кредиттер портфелінің аруына заңды тұлғаларға берілетін кредиттер көлемінің 2,5% (желтоқсанда+3,6% болған) төмендеуіне байланысты болды, ал жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 0,6%-ға (желтоқсанда +1,7% болған) шамалы өсті. Шетел валютасында берілген несие көлемінің едәуір төмендеуі байқалды — 4,1% (желтоқсанда: +2,6%) төмендеді, ал ұлттық валютадағы кредиттер 0,3%-ға ((желтоқсанда: +2,5%) төмендеді.
Банктер берген кредиттерінің жиынтық портфеліндегі заңды тұлғалар портфелінің үлесі тағы азайып, 41,7% -ды құрады (желтоқсанда- 42,5%). Берілген кредиттер бойынша белгіленген орташа сыйақы мөлшерлемелері желтоқсандағы 17,1% - дан 2025 жылғы қаңтарда 19,6%-ға дейін өсті. Бұл ретте заңды тұлғалардың қарыздары бойынша мөлшерлемелер 18,7%-ға дейін (желтоқсанда - 17,1%), жеке тұлғалардың кредиттері бойынша 20,3% - ға дейін (желтоқсанда - 17%) өсті.
Жұмыс істемейтін несиелердің үлесі өсті
Жұмыс істемейтін несиелердің үлесі (npl90+) қаңтарда 3,2%-ға дейін (желтоқсанда - 3,1%), өтем мерзімі 30 күннен аса кешіктірілген несиелердің үлесі де 4,2% - ға дейін өсті (желтоқсанда - 3,9%). Мерзімі 30 күннен аса кешіктірілген кредиттер портфелі 5,8%-ға, яғни 1 488 млрд теңге дейін, ал NPL90+ портфелі 4,4%-ға, яғни 1 143 млрд теңгеге дейін өсті. Жұмыс істемейтін кредиттерді провизиялармен қамту деңгейі желтоқсандағы 170,4%-дан қаңтарда 167,8%-ға дейін төмендеді.
Банктердің бірінші эшелонындағы жұмыс істемейтін кредиттердің жоғары үлесі Еуразиялық банкке (7,2%), Jusan Bank (6,7%), Bereke Bank (6,5%), Kaspi Bank (4,9%) және ForteBank-ке (3,2%) тиесілі. Аталған бес банктің жұмыс істемейтін кредиттерінің жиынтық сомасы сектордың барлық жұмыс істемейтін кредиттерінің 56,9%-ын немесе 650,5 млрд теңгені (желтоқсанда 57,1%) құрады. Бұл ретте екінші эшелонда өтеу мерзімі 90 күннен аса кешіктірілген кредиттердің жоғары үлесі ВТБ Банкі (11,6%), Нұрбанк (8,3%), Home Credit Bank (6,3%) және Заман-Банк (4,4%) тарапынан байқалады. Номиналды мәнде бұл банктердің NPL90+ көлемі сектордың барлық жұмыс істемейтін кредиттерінің 7,0% немесе 80,4 млрд теңгені (желтоқсанда 7,3%) құрады.
Тұтастай алғанда, сектор бойынша несиелік тәуекел құны аздап өсті: желтоқсандағы 5,5%-дан қаңтардағы 5,7% - ға дейін. Бірінші эшелонда бұл көрсеткіш көптеген банктерде артты: Jusan Bank-те 17%-ға (желтоқсанда 16,6%), Bereke Bank-те 14,4%-ға (желтоқсанда 13,7%), Еуразиялық банкте 13,2%-ға (желтоқсанда 12,6%), Bank RBK-да 5,4%-ға дейін (желтоқсанда 4,8%), Халық банкінде 5,2%-ға (желтоқсанда 5%), ForteBank-те 5%-ға (желтоқсанда 4,9%), БанкЦентрКредитте 4,9%-ға (желтоқсанда 4,5%), Фридом Банк Қазақстанда 2,9%-ға (желтоқсанда 2,8%), сондай-ақ Ситибанкте 0,2%-ға дейін (желтоқсанда 0,1%) өсті. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіштер қаңтарда Kaspi Bank (5,2%) пен Отбасы Банкке (0,2%) қатысты өзгерген жоқ.
Банктердің екінші эшелонында кредиттік тәуекедердің жоғары мәндері Заман Банкінде 72,7% (желтоқсанда 70,1%), ВТБ Банкінде 20,7% (желтоқсанда 19,6%) және Нұрбанкте 17,7% (желтоқсанда 17,2%) деңгейінде байқалды. Көрсеткіштің ең төмен мәндері (1% - дан азы) ADCB ислам банкінде (0,6%), Шинхан Банкінде (0,4%) және Қазақстандағы Қытай Банкінде (0,2%) тіркелді.
Депозиттік портфельдер санының азаюы
Қаңтар айында банктердің депозиттерінің жалпы портфелі 2,1% -ға (желтоқсанда: +6,8%) , яғни 40 403 млрд теңгеге дейін төмендеді. Мұндай төмендеу корпоративтік секторда 2,3% - 18 259 млрд теңгеге дейін (желтоқсанда: +8,3%) және бөлшек сегментте 2,0% (желтоқсанда: +6,1%) - 22 144 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Валюталар бөлінісінде депозиттік базаның төмендеуі теңге түріндегі салымдарға да қатысты байқалды — 2,4% немесе 31 249 млрд теңгеге дейін, сондай-ақ валюталық салымдар - 1,4% немесе 9 154 млрд теңгеге дейін. Долларландыру деңгейі қаңтарда аздап өсіп, 22,7%-ды құрады (желтоқсанда 22,5%). Теңге түріндегі бөлшек депозиттер қаңтар айында 2,2%-ға, яғни 17 602 млрд теңгеге дейін, валютада 0,9%-ға, яғни 4 542 млрд теңгеге (8 747 млн доллар) дейін төмендеді. Теңге түріндегі корпоративтік салымдар 2,5%-ға, яғни 13 647 млр теңгеге дейін, ал валютада 1,8%-ға, яғни 4 612 млрд теңгеге (8 881 млн доллар) дейін азайды.
Бірінші эшелон банктерде депозиттер портфелі қаңтар айында 3%-ға немесе 38 258 млрд теңгеге дейін азайды. Осы топтың барлық дерлік банктерінде депозиттердің жаппай жабылуы байқалды (Отбасы Банкі, Фридом Банк Қазақстан және Bereke Bank-тен басқасы): Kaspi Bank (-8,2%; 555 млрд теңге), RBK Банкі (-8,1%, 133 млрд теңге), Ситибанк (-5,9%, 61 млрд теңге), Jusan Bank (-5,2%, 89 млрд теңге), ForteBank (-3,2%, 92 млрд теңге), Еуразиялық банк (-2,9%, 65 млрд теңге), Халық Банкі (-1,8%, 223 млрд теңге), ЦентрКредит Банкі (-1,2%, 62 млрд теңге). Депозиттердің өсімі мына банктерде тіркелді: Фридом Қазақстан Банкінде (+5,6%, 59 млрд теңге), Отбасы Банкі (+1,4%, 37 млрд теңге) және Bereke Bank (+0,7%, 10 млрд теңге).
Екінші эшелондағы банктердің депозиттік портфелінің мөлшері қаңтар айында 0,8%-ға, яғни 3 033 млрд теңгеге дейін төмендеді. Үлкен көлемдегі ақшаның келуі төрт банкте байқалды: ADCB Ислам банкі (+56,2%, 12 млрд теңге), Заман банкі (+17,6, 2 млрд теңге), Алматыдағы Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкі (+1,9%, 4 млрд теңге), Шинхан Банк (+0,5%, 3 млрд теңге). Қалғандарында депозиттік портфельдер саны қысқарды: ВТБ Банкі (-4,8%, 5 млрд теңге), Home Credit Bank (-1,6%; 8 млрд теңге), Нұрбанк (-1,1%; 4 млрд теңге), Altyn Bank (-0,9%; 7 млрд теңге), Қазақстандағы Қытай Банкі (-0,3%, 1 млрд теңге).
Тартылған қаражатты пайдалану коэффициенті несиелермен салыстырғанда депозиттер көлемінің қатты төмендеуіне байланысты желтоқсандағы 118,6%-дан қаңтарда 116,1%-ға дейін төмендеді. Қаңтар айында банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа белгіленген сыйақы мөлшерлемесі 14,1%-ға дейін (желтоқсанда 14,0%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,5%-ға дейін өсті (желтоқсанда 13,2%). Коммерциялық банктердің міндеттемелер құрылымындағы депозиттердің үлесі сәл төмендеп, 80,1%-ды құрады (желтоқсанда 80,7%).
Ұлттық Банктен алынған өтімділік көлемінің өсуі
Ұлттық Банктің алып қойған өтімділіктің жалпы көлемі қаңтарда 1,2%-ға (желтоқсанда: +19,6%) ұлғайып, 7 616 млрд теңгені құрады. Мәмілелер көлемі 11,5%-ға немесе 6 364 млрд теңгеге дейін өскен депозиттер аукционы Ұлттық Банктің өтімділікті алып қоюдағы басты құралы болып табылады. Дегенмен депозиттер арқылы алу 45%-ға төмендеп, 752 млрд теңгені құраса, ал қысқа мерзімді ноталар арқылы алып қою 10,1-ға немесе 500 млрд теңгеге дейін өсті.
Осылайша, қаңтар айында артық өтімділікті алудың жалпы мөлшері аздап өсті — 87 млрд теңге, ал стерильденген өтімділік көлемі ақша массасының көлемінің 17%-ын (желтоқсанда 16,5%) және ЕДБ қарыздарының жиынтық көлемінің 21,4%-ын (желтоқсанда 21%) құрады.
Банк секторы табысының өсімі
2025 жылғы қаңтарда Қазақстан Фридом Банкінен басқа барлық дерлік коммерциялық банктер 229 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан табысты тіркеді, бұл - желтоқсан айындағы көрсеткіштен 4,6%-ға артық көлем.
Банк секторының қаңтар айындағы таза пайыздық кірісі 338 млрд теңгені (жылына +27,1%), ал таза комиссиялық кірісі — 53 млрд теңгені (жылына: -5,3%) құрады. Есептілік кезеңде резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруден түскен кірістер жылына 17,7%-ға өсіп, 130 млрд теңгені қамтыды.
Банктердің меншікті капиталының ұлғаюы
2025 жылғы қаңтарда банктердің жиынтық капиталы 2%-ға ұлғайып, 9 069 млрд теңгені құрады. Бірінші эшелондағы банктер арасында ForteBank пен Қазақстан Фридом Банкінен басқасында капитал өсімі байқалды: 0,4%-дан 4,5%-ға дейін, ал өсім көлемі 1 трлн 7 млрд-тан 75 млрд аралығын қамтиды.
Екінші эшелонға жататын барлық банктерде капитал өсімі байқалды. Заман Банкінде (+5,4%; 0,7 млрд теңге), Altyn Bank (+3,4%; 4,7 млрд теңге), Шинхан Банк (+2,9%; 2,4 млрд теңге), ВТБ Банк (+2,7%; 2,9 млрд теңге) және Қазақстандағы Қытай Банкі (+2%; 2, 3 млрд теңге).
Капиталдың кірістіліг і(RОАE) қаңтар айында 35,2%-ға дейін (желтоқсанда 32,4%), ал активтердің кірістілігі (ROAA) 4,6%-ға дейін өсті (желтоқсанда 4,5%). Бұл ретте капитал мультипликаторының мәні активтермен салыстырғанда банктердің меншікті капиталының басып оза өсуі есебінен желтоқсандағы 6,92 Х-тен қаңтарда 6,68 Х-қа дейін төмендеді.
Бұған дейін Ұлттық Банкке қарыз банктердің топ-менеджерлеріне дивиденттер мен бонустар төлеуге тыйым салынғанын жазғанбыз. Сондай-ақ "Қызып кетті". Қазақстанда банктер үшін қосымша талаптар енгізіледі" деген мақаламен де таныса саласыздар.