Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады

Dalanews 15 сәу. 2024 10:41 7886

Ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келген Ғылым қызметкерлері күні мерекесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Аталмыш кеңес барысында ел болашағы үшін маңызды мәселелер көтеріліп, талқыға салынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президентіміз өзі атап өткендей, тәуелсіз еліміз Қазақстанда ғылымға жете мән берілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымыз өкінішті. Ғылымның жеткілікті деңгейде жүзеге аспауы, ғалымдардың тартылмауының салдарын ел өңірлерінде орын алған төтенше жағдай – су тасқынынан көрініп жатқаны белгілі.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында елде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударып, отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерді. Осы тұрғыда отырыс барысында Президент ең алдымен алдағы уақытта атқарылуға тиіс төмендегідей салмақты мәселелерді сөз ете отырып, арнайы міндеттер тарсырды:

  1. Төтенше жағдайдың алдын алу ісіндегі олқылықтар. Бұған себеп – білікті мамандардың тапшылығы және ғылыми жұмыстардың сапасыздығы. Осы олқылықтарды реттеу үшін алдымен оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау арқылы Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру.
  2. Сейсмология институтының ғылыми әлеуетін арттыру, сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту, сондай-ақ Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізу.
  3. Университеттердегі кадр тапшылығы, ғылыми жұмыстардың сапасыздығы.
  4. Елдегі ЖОО арасында өңірлік теңсіздік. Өңірлердегі кадр тапшылығына жол бермеу мақсатында жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін академиялық басымдық орталықтарын құру.
  5. Елдегі ғылымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау.
  6. Магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру, ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізу.
  7. Өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу.

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Ел басшысы Қ.Ж.Тоқаев көтерген міндеттер жүйелі орындалып, іске асатын болса, дамыған ғылымы мен қуатты мемлекеті бар, бірлігі мығым елге айналарымыз сөзсіз. Сондықтан елді дамыту үшін алдымен ғылымды қолға алу өте маңызды әрі салмақты іс. Қазақ ғылымы жасасын!

Дариға КӨКЕЕВА, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар