Ресейде тәжік отбасымен жанжалдасқан шенеунік қомақты айыппұл төлейді

Ресейде тәжік отбасымен жанжалдасқан шенеунік қомақты айыппұл төлейді
pixabay.com

Ресейдің Пенза облысындағы Камен ауданының басшысы Александр Помогайбо тәжік отбасымен болған жанжалдан кейін сот шешімімен 100 мың рубль айыппұл төлеуге міндеттелді. Шенеунік Каменка қаласының тәжік ұлтынан шыққан тұрғынын қорлады деп танылған. Бұл туралы ресейлік БАҚ жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 2025 жылдың 27 тамызында болған. Александр Помогайбо жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін Косимовтар отбасының үйі маңындағы қоқыс үйіндісі мен заңсыз салынған моншаны тексеруге барған.

Сол кезде шенеунік әйел мен оның балаларына ескерту жасап:

— Қоқыс неге сонша көп? Тазалау керек. Сендер шошқа мен торай сияқты өмір сүрмейсіңдер ғой, — деген.

Осыдан кейін әйелдің күйеуі Давлатмурод Косимов көлігінен темір монтировка алып шығып, аудан басшысын соққыға жыққан.

Салдарынан Александр Помогайбо ашық бассүйек-ми жарақатымен, ми шайқалуымен, жауырын сүйегінің сынуымен және денесіндегі көгерулермен ауруханаға түскен.

Кейін Давлатмурод Косимов сот алдында жауап беріп, 2 жыл колония-қоныс жазасына кесілген. Сондай-ақ ол жәбірленушіге моральдық өтемақы ретінде 150 мың рубль төлеуге міндеттелген. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, шенеунік сол өтемақының үштен екі бөлігін өзіне салынған айыппұлды өтеуге жұмсамақ.

Александр Помогайбо айыппұлға шағым түсіргенімен, сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Алайда айыптау тұжырымы жеңілдетіліп, «әдепсіз қорлау» бабы «ар-намысты қорлайтын сипаттағы сөздер айтты» деген нұсқаға ауыстырылған.

Аудан басшысы «муниципалдық қызмет атқаратын тұлғаның қорлауы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал оны соққыға жыққан Косимовқа бастапқыда «билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша іс қозғалып, оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнген. Кейін бұл айып «қару қолдана отырып, денсаулыққа орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіру» бабына ауыстырылған.