Қазақстанда тегін дәрі алатындар саны 3,4 млн адамға жетті

Қазақстанда тегін дәрі алатындар саны 3,4 млн адамға жетті
pixabay.com

Қазақстанда соңғы жеті жылда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін азаматтар саны күрт артты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі қазір елдегі әрбір алтыншы тұрғын мемлекет есебінен дәрі алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты. Оның сөзінше, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай кеңейген.

«2018 жылы 1,9 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн азаматқа жетті. Елдің әрбір алтыншы тұрғыны мемлекеттен дәрі-дәрмек түрінде қолдау алады. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бюджеті үш еседен астам өсті. 2018 жылғы 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай жоспарланған 337 млрд теңге көрсеткішіне шығамыз. Бұл өсім тек инфляциялық процестерге ғана емес, сонымен қатар қымбат тұратын инновациялық дәрілердің тізімге енгізілуіне де байланысты», – деді Тимур Мұратов.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі елдегі отандық фармацевика үлесін арттыру жұмыстары күшейтілгенін мәлімдеді.

Қазір Қазақстанда 31 отандық өндірушімен 83 ұзақ мерзімді келісімшарт жұмыс істеп тұр.

«Үш жыл ішінде сатып алу көлемі 38,1%-ға өсті, 2024 жылғы 703 атаудан 2026 жылы 971 атауға дейін жетті. 2025 жылы отандық Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алудың жалпы сатып алу көлеміндегі ақшалай үлесі 32% құраса, 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 34%-ға дейін арттыру көзделген», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, отандық компаниялардың өнімдерін локализациялау үшін жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгеге 7 инвестициялық келісім жасалған.

Брифинг барысында дәрі-дәрмек қоры мен логистика мәселесі де көтерілді.

Министрлік мәліметінше, халықты дәрімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін азаймайтын қор жасақталған.

«2025 жылы төмендетілмейтін қор сомасы 21 млрд теңгені құрады және 655 дәрі атауын қамтиды. 2025 жыл ішінде, тамыз және қараша айларында онкология, қант диабеті, онкогематология, ағзаларды трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар және т.б. нозологияларды емдеу үшін тиісінше 8,5 млрд және 4,4 млрд теңге сомасына дәрі қосымша сатып алынды», – деді Тимур Мұратов.

Сондай-ақ министрлік дәрі сақтау инфрақұрылымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Семей қалаларында жаңа қоймалар салынбақ.

Вице-министр дәрі-дәрмек сатып алу жүйесінде соңғы жылдары бақылау мен ашықтық күшейтілгенін атап өтті.

«Дәрілік заттарды сатып алу кезінде логистикалық-функционалдық бақылаудың 40 параметрі енгізілді, оның 15-і 2024-2026 жылдар аралығында енгізіліп, процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етті», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметте өткен кеңесте премьер-министр Олжас Бектенов те отандық фармацевтикалық өндірісті күшейту мәселесін көтерген еді. Үкімет дерегіне сәйкес, бүгінде елде 209 отандық өндіруші тіркелген. Оның 43-і дәрі-дәрмек шығарса, 166-сы медициналық бұйым өндіреді.