Екі жыл бұрын Германияда қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кетуі халықаралық резонанс тудырған еді. Жеті айлық жүкті болған әйел кейін қаза тапқаны анықталды. Қазір оның туыстары мен адвокаттары істің жаңа мән-жайларын жариялап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде жарияланған деректі репортажда марқұмның жақындары тергеу барысы мен өздерін алаңдатқан жайттар туралы айтты.
Туыстарының мәліметінше, 40 жастағы Айгүлдің денесінен көптеген жарақат іздері табылған. Тергеу материалдарында әйелдің өмірінің соңғы сәттерінде күш қолдану белгілері болғаны айтылған. Сарапшылар оның қарсылық көрсетуге тырысқан болуы мүмкін деген болжам келтіреді.
Сондай-ақ қылмысты жасыру әрекеттері болғаны туралы нұсқалар қарастырылып жатыр. Туыстарының сөзінше, әйелдің денесін тану процесі де өте ауыр болған.
Марқұмның күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья іс бойынша негізгі күдіктілер қатарында аталады. Қайғылы оқиғадан кейін олар Ресейге кеткені хабарланды. Сонымен бірге олар Айгүлдің кішкентай қызы Жаклинді өздерімен бірге алып кеткен.
Тергеудегі маңызды дәлелдердің бірі ретінде құқық қорғау органдары үйден табылған биологиялық іздер мен басқа да айғақтарды қарастырып жатыр. Репортаж авторларының айтуынша, бұл деректер күдіктілерге қатысты күмәнді күшейткен.
Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы қызының өліміне кінәлілердің қатаң жаза алғанын қалайды. Алайда олардың айтуынша, қазірге дейін немерелерімен кездесу мүмкін болмай отыр.
Бұл іс Қазақстанда да, Германияда да қоғам назарынан түспей келеді.