Жаңа кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуін «KAZ Феррит» ЖШС қадағалайтын болады. Фабрика ескі қаланың маңында, бұрынғы трамвай депосы орналасқан жерде орын тепкен.
Фабриканың тұсауы кесілген соң Геннадий Головкин журналистерге қысқаша сұхбат берді. Атақты спортшы әңгіме барысында кәсіпорынға қанша инвестиция салғанын ашып айтпады. «Түзде тапқан табыстың бәрін үйге әкелдік. Жарғылық капиталға салған ақшаның мөлшерін айта алмаймын. Ал кәсіпорынның бақылау пакеті менің қолымда», – деді кеншінің баласы Г.Головкин.
Жаңадан ашылған кәсіпорында Қарағанды мен Екібастұздың көмірі байытылатын болады. Фабриканың қуаты жылына 500 мың тонна көмірге деп жоспарланған. Бұл жерде болашақта 150 адам тұрақты түрде жұмыс істейтін болады.
Фабрика құрылтайшыларының қатарында Г.Головкиннен басқа «KAZ Феррит» ЖШС мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бар.
Кәсіпорын құрылтайшыларының айтуынша, жаңа фабриканың басым бағыттағы міндетінің бірі қоршаған ортаны қорғау мен экологияны сақтауға ерекше көңіл бөлу болмақ.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ
Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті