Францияда Қазақстан туралы баяндама жарияланды

Кәмшат Тілеухан 15 қаз. 2024 16:34 1816

"Қазақстан: орта держава, қалыптасып келе жатқан алып ел" ("Kazakhstan: puissance moyenne, géant en devenir").  Францияның Choiseul геостратегиялық зерттеулер институтының таяуда жариялаған баяндамасы осылай деп аталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғылыми баяндаманың авторы аталған институттың президенті Паскаль Лоро мен оның кеңесшісі Пьер Верлик болып табылады.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, баяндама үш бөлімнен тұрады: саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, елдің Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ретіндегі экономикалық дамуы, сондай-ақ Қазақстанның көпвекторлы саясаты мен халықаралық аренадағы беделі.

Баяндамада Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы буын ретіндегі стратегиялық рөлі, халықаралық саясат пен экономикада артып келе жатқан рөлі, сондай-ақ елдің жаһандық күн тәртібіне қосқан белсенді үлесі ерекше атап көрсетілген.

Choiseul сарапшылары стратегиялық әріптестік сипатқа ие Францияның Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығына ерекше назар аударады. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ықпалға ие "таяу болашақта алып ел бола алатынын" айтыпты.

Choiseul компаниясының Қазақстан туралы аналитикалық баяндамасы саясаткерлерден, кәсіпкерлерден, зерттеушілерден бастап Қазақстанның қазіргі әлемдегі рөлі мен геостратегиялық маңызын жақсы түсінетін оқырмандардың кең ауқымын қамтиды.

Айта кетсек, Choiseul халықаралық саясат және геоэкономика институты – халықаралық қатынастар, экономикалық және саяси стратегиялар, сондай-ақ халықаралық мәдениеттерді талдаумен айналысатын тәуелсіз зерттеу орталығы. Олар Францияның әр саласы немесе шетелдік серіктестердің стратегиялық қызығушылығын тудыратын аналитикалық есептер жариялап отырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар