ForteBank Home Credit Bank-тің акционері атанды

Кәмшат Тілеухан 24 қыр. 2025 10:26

Болат Өтемұратовтың ForteBank-і Home Credit Bank-тің акционері атанды. Бұл туралы KASE сайтында ақпарат пайда болды. Осылайша "Home Credit Bank" АҚ-ның 100% акцияларын сатып алу бойынша үш айға жуық жүргізілген келіссөзге нүкте қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін "ForteBank" АҚ "Home Credit Bank" АҚ-тың капиталына ауқымды қатысуға рұқсат алғаны хабарланған. Сөйтіп "ForteBank" АҚ және "Home Credit Bank" АҚ акционерлері "Home Credit Bank"АҚ-ның 100% акцияларын сатып алу бойынша қағидатты уағдаластыққа қол жеткізген болатын.

ForteBank бұл реттегі келіссөздер "үш айға жуық" жүргенін растады. Болат Өтемұратовтың банкі Home Credit Bank-тің 26,8% акциясын сатып алғаны белгілі болды. KASE жариялаған ақпаратта бұл мәлімет қамтылмаған, тек ол туралы AIX биржасы дерек келтірген. Бұған Telegram-дағы Finmentor арнасының авторы Арман Батаев назар аударған.

Бастапқыда екі банк өз алдына жеке-дара жұмыс істейді деп жоспарланған, алайда кейінірек ForteBank акционерлер алдына Home Credit Bank-ті қосып алу туралы ұсыныс талқысын алға тартқан.

Айта кетсек, Home Credit Bank 1993 жылы құрылған FTD жекеменшік банкінің (еуропалық) негізінде құрылды, ол кейінірек 1994 жылы атауын "Алма-Ата" Банкі деп өзгертті. 2013 жылдың қаңтарында аталған банк "Хоум Кредит энд Финанс Банк" ЖШҚ-ға тиесілі болды, ал ол Ресейде "Банк Хоум Кредит" АҚ ЕБ" ретінде тіркелген. 2021 жылдың наурызына дейін банктің қожайыны чех кәсіпкері, миллиардер Петр Келлнер болып келді.  Ол Нидерландыда тіркелген PPF Group N. V. арқылы "Home Credit and Finance Bank" ЖШС-ны өз бақылауына алды. 2021 жылдың наурызында PPF тобының негізін қалаушы Аляскада тікұшақ апатынан қайтыс болды. Кейінірек қаржылық топ, яғни банк Келлнердің әйелі Рената Келлнерованың мұрасына өтті. 2022 жылдың мамырында чехиялық PPF қаржылық тобы ресейлік банктік активтері мен еншілес компанияларын Иван Тырышкин бастаған жеке инвесторлар тобына сатқалы жатқанын жариялады. Ол Санкт-Петербург биржасының негізін қалаушылардың бірі, ол көптеген танымал ресейлік финтех-компанияларды дамытқан. Негізгі себеп - санкцияларға байланысты ресейлік компаниялар мен олардың "еншілестеріне" берілген халықаралық рейтингтердің күшінің жойылуы, содан кейін компаниялардың өтімділігі төмендеді. Осындай жағдайда банк менеджменті шалт қимылдап,  банк акцияларының 74,99%-ын тоғыз жеке тұлғаға жедел сатты, 25,001%-ы "Хоум Кредит энд қаржы банкі" ААҚ үлесінде қалды. 2022 жылдың желтоқсанында PPF Group N. V тобының басқарма төрағасы банктің ірі акционері атанды. Ол банктің 25,001% акциясын сатып алды. Нәтижесінде банк "ресейлік жүктен" толығымен арылды. Акционерлер ауысқаннан кейін банк атауын "Home Credit Bank" АҚ деп өзгертті. 2023 жылы Иржи Шмейц өз үлесін 34,7%-ға дейін арттырды, ал банктің 7,5% акциясы PPF Financial Holdings A.S.  маңында шоғырланды, атап айтқанда PPF Group N.V компаниясының алты топ-менеджері мен Home Credit (Чехия) тобы 57,8% акцияға иелік етті. Осы жылдың тамыз айында Иржи Шмейц Қазақстандағы банктің мажоритарлық қожайынына айналды. Оның еншісіндегі үлес 34,7%-дан 90,1%-ға дейін артты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар