FlyArystan әуекомпаниясының бұрынғы қызметкерлері Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулханов сеніп тапсырылған қаржыны иемдену және жымқыру ісі бойынша сотталды. Үкімге сәйкес, олардың өз атына, сондай-ақ туыстарының атына тіркелген бірқатар мүлік мемлекет кірісіне тәркіленеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Informburo.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, 2019–2024 жылдар аралығында аталған тұлғалар FlyArystan қаражатын заңсыз иемденген. Сот үкімімен тәркілеуге жататын мүліктің толық тізімі бекітілді.
Атап айтқанда, Дәуір Еркенұлына қатысты төмендегі мүлік тәркіленеді:
- Toyota Land Cruiser 200 - 35,8 млн теңге;
- Toyota Camry - 15,4 млн теңге;
- Анасының атына тіркелген Mercedes-AMG GT S - 62,6 млн теңге;
- Туысының атына тіркелген ZEEKR 001 - 22,1 млн теңге;
- МЗСА 817732 маркалы тіркеме - 1 млн теңге;
- Банктік шоттарда және криптовалюта биржасында сақталған 4 млн теңге.
Сот қаулысында көрсетілгендей, тәркілеу сотталғандардың өздеріне ғана емес, заңсыз жолмен алынған мүлік рәсімделген туыстарына да қатысты жүргізіледі.
