ФИФА президенті Джанни Инфантино қызметінен кету қаупіне байланысты АҚШ президенті Дональд Трамптан саяси қолдау сұрап жүргені туралы New York Post басылымы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылымның мәліметінше, Инфантиноның мансабы футболдан әлем чемпионаттарын өткізу құқығын жеке компанияға беру бастамасы сәтсіз аяқталғаннан кейін қатерге ұшыраған. Бұл ұсыныс ФИФА құрамындағы ұлттық футбол қауымдастықтарының, әсіресе УЕФА-ның, қатаң қарсылығына тап болып, нәтижесінде ұйым бұл жоспардан бас тартуға мәжбүр болған.
Алайда УЕФА енді Джанни Инфантиноның ФИФА президенті қызметінен өз еркімен кетуін талап етіп отыр. Егер ол отставкаға кетпесе, ұйым оған сенімсіздік вотумын жариялау мәселесін көтеретінін ескерткен.
New York Post ақпаратына сәйкес, Инфантино АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға хабарласып, Дональд Трамппен кездесу ұйымдастыруға көмектесуді сұраған. Сондай-ақ басылым ФИФА басшысы Трамппен тікелей байланысуға да әрекет жасағанын, бірақ АҚШ президенті оған жауап бермегенін жазды.