Фермерлерге қосымша құн салығын төлеу немесе төлемеу құқығын таңдау беріледі - вице-министр

Кәмшат Тілеухан 19 ақп. 2025 13:41 553

Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу немесе төлемеу құқығын таңдау өздеріне қалдырылады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.

Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында вице-министр Президенттің тапсырмасы бойынша алты жұмыс тобы өңірлерге барғанын, кәсіпкерлермен, фермерлермен кездескенін жеткізді. Жұмыс тобының мүшелері осы кездесулерде айтылған барлық ұсыныстарды жинақтап, талдайтын болады. Сөйтіп оларды жуырда Парламенттің қарауына енгізу жоспарлануда.

"Кәсіпкерлермен, оның ішінде шаруа қожалықтарымен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен болған кездесуде, керісінше, ставканы нөлге айналдырмай, бәрін сол күйінде қалдыру туралы ұсыныс та айтылды. Сондықтан біз осындай құқықты қалдыруды ойластырып отырмыз. Егер салық төлеуші ҚҚС төлеушісі болғысы келсе, онда оған осындай құқық берілуі керек", – деді Әмрин. 

Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер ҚҚС-ті тіркеудегі мөлшерлеме көлемін 15 миллионға төмендетуді қолдаған,  өйткені сонда ол "нарықтағы әділ бәсекелестікке ықпал ете алатын көрінеді".

Айта кетсек,  бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемелерін саралаудың келесі тетігін ұсынған болатын:

  • жалпыға бірдей белгіленген 16 % ҚҚС мөлшерлемесін белгілеу;
  • бірнеше салалар үшін 10  % көлемінде аралық мөлшерлеме белгілеу;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толықтай босату. 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар