Фархат Сәрсекеев "Даму" қорының төрағасы болып тағайындалды

Кәмшат Тілеухан 24 ақп. 2025 12:04 517

Фархат Сәрсекеев "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін алты жыл осы лауазымда болған Гауһар Бурибаеваның орнын басты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бәйтерек" холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы "Даму" қорының ұжымына жаңа Басқарма төрағасын таныстырды", делінген қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Фархат Сәрсекеев 1984 жылы туған. Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген. 

Еңбек жолын 2005 жылы банк секторында бастаған. Қызметінің әр жылдары "Қазкоммерцбанк", "Демир Банк" Қазақстан" АҚ, АТФ Банк, "Қазақстанның Даму Банкі", "Сбербанк" АҚ сынды іргелі қаржы институттарында түрлі лауазымды атқарды. 2018 жылы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Басқарушы директоры , 2019-2023 жылдары – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болған.

Ал бұған дейін 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін "Фридом Банк Қазақстан" АҚ Корпоративтік бизнес жөніндегі басқарушы директоры болып қызмет атқарған.

Бұған дейін Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген ақшаны тексеретін арнайы комиссия қайта жұмысына кіріскенін хабарлағанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар