Алматыда жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. 1 қыркүйекте мегаполисте сегіз жаңа мектеп пен қолданыстағы бірнеше білім беру ұйымына қосымша ғимараттар пайдалануға беріледі. Соның арқасында қалада 12 мыңға жуық жаңа оқушы орны ашылып, мектептердегі орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік туады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы қалалық Білім басқармасы Түрксіб ауданындағы жаңа №228 және №229 мектептердің дайындығымен таныстырды.
Биыл пайдалануға берілетін сегіз мектептің жалпы сыйымдылығы 11 050 орынды құрайды. Оның ішінде Түрксіб ауданында төрт жаңа мектеп ашылады. Солардың бірі – «Тайм Сити» тұрғын үй кешені маңында орналасқан №228 жайлы мектебі.
Заманауи мектеп, жаңа мүмкіндіктер
Ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған №228 мектеп 2000 оқушыға арналған. Жалпы аумағы 24 мың шаршы метрден асатын үш қабатты білім ордасы заманауи талаптарға толық сай жабдықталған.
Мектепте бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған 96 оқу кабинеті бар. Оның ішінде информатика және цифрлық сауаттылық кабинеттері, химия мен биотехнология, физика және нанотехнология, биология зертханалары, STEM зертханасы мен робототехника кабинеті қарастырылған.
Сондай-ақ оқушыларға арналған жеке локерлер орнатылып, демалыс аймақтары жасақталған. Мектепте инклюзия кабинеті, сенсорлық бөлме, хореография залы жұмыс істейді.
Жаңа мектептің басты ерекшеліктерінің бірі – қауіпсіздік жүйесінің күшейтілуі. Білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен және Face ID арқылы кіру бақылауымен жабдықталған. Ғимарат 10 балдан жоғары сейсмикалық белсенділікке төтеп беретін талаптарға сай салынған.

Спорт пен шығармашылыққа жағдай жасалған
Мектеп аумағында футбол алаңы, әмбебап спорт алаңдары және теннис корттары орналасқан.
Төрт спорт залының екеуі бастауыш, екеуі жоғары сынып оқушыларына арналған. Сонымен қатар 330 орындық акт залы және 440 орындық асхана қарастырылған.

Оқушылардың шығармашылық және тұрмыстық дағдыларын дамытуға арналған арнайы шеберханалар да жұмыс істейді. «Тамақтану мәдениеті», «Үй мәдениеті», «Дизайн және технология» кабинеттерінде балалар дұрыс тамақтану, тұрмыстық мәдениет, тігін және дизайн негіздерін меңгереді.

Жаңа мектептер қай аудандарда ашылады?
Жаңа оқу жылында Алатау ауданында үш мектеп, Түрксіб ауданында төрт мектеп, Жетісу ауданында бір мектеп пайдалануға беріледі.
Атап айтқанда:
- №230 мектеп – 2000 орын;
- №231 мектеп – 1200 орын;
- №178 мектеп – 550 орын;
- №226 мектеп – 600 орын;
- №227 мектеп – 1500 орын;
- №228 мектеп – 2000 орын;
- №229 мектеп – 2000 орын;
- №225 мектеп – 1200 орын.
Бұдан бөлек, №112 және №16 мектептерге әрқайсысы 300 орындық қосымша ғимараттар салынған.
Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдау аясында Алматыда соңғы жылдары 34 800 орындық 21 «Келешек мектебі» пайдалануға берілген.

Бірінші сыныпқа 31 мыңнан астам бала қабылданды
Жаңа оқу жылында Алматы мектептерінде шамамен 356 мың оқушы білім алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 пайызға көп.
26 тамыздағы жағдай бойынша бірінші сыныпқа 31 602 бала қабылданған. Оның ішінде 28 843 оқушы мемлекеттік, 2759 оқушы жекеменшік мектептерге барады.
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында «Мектепке жол» акциясы бойынша 7669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алу үшін 460 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар жаңа оқу жылында 133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылады.

11 мыңнан астам оқушы мектеп автобусымен қатынайды
Баспасөз туры барысында журналистерге «Мектеп автобусы» жобасы да таныстырылды.
Жоба аясында қаладағы 60 мектептің 11 мыңнан астам оқушысы тасымалдаумен қамтылады. Ол үшін 250 арнайы автобус қызмет көрсетеді. Бұл әсіресе қаланың шалғай аудандарында тұратын балалар үшін маңызды.

Әкімдік тұрғындарға үндеу жасады
Алматы қаласының әкімдігі жаңа оқу жылының басталуына байланысты қала көшелерінде көлік жүктемесі айтарлықтай артуы мүмкін екенін ескертті.
Қала қызметтері жол қозғалысын реттеу және кептелісті азайту үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өткен әкімдік тұрғындарды қыркүйектің алғашқы күндері мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалануға шақырды.
Мамандардың айтуынша, бұл қала жолдарындағы, әсіресе мектептердің маңындағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Осылайша Алматы жаңа оқу жылын жаңа мектептермен, қосымша оқушы орындарымен, жаңартылған инфрақұрылыммен және қауіпсіз білім беру ортасымен қарсы алмақ.