Еуропадағыдай бүкіл Қазақстанның жарықсыз қалуы мүмкін бе - министр жауабы

Кәмшат Тілеухан 30 сәу. 2025 16:48 221

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Қазақстанда болуы ықтимал блэкаут тәуекелдеріне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер министрден кешегі жарықсыз қалған Еуропаны мысалға келтіре отырып, "осындай жағдай Қазақстанда да қайталануы мүмкін бе" деп сұрады.

"Ондай қауіп жоқ, өйткені Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемі небәрі 6,3%-ды құрайды. Ал Еуропада бұл көрсеткіш 43%-ды құрайды. Бұл - айтарлықтай үлес, өйткені жел немесе күн болмаса, электр энергиясы да өндірілмей қалады, бізде мұндай болмайды, өйткені бізде дәстүрлі генерацияның үлесі жоғары", - деп түсіндірді министр.

Айта кетсек, 2025 жылы 28 сәуірде Еуропа (төрт мемлекет) жаппай жарықсыз қалды. Кейінірек Испания мен Португалияда тоқтың өшуіне электр желісіндегі ақаулыққа әкеліп соқтырған сирек кездесетін атмосфералық құбылыс түрткі екені айтылды.  Сондай-ақ кибершабуыл жасалу ықтималдылығы да жоққа шығарылмайды. Мұны арнайы құрылған комиссия зерттеп, оның қорытындысы кейінірек жарияланатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар