Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды алғаш рет бірден бір жылға ұзарту туралы келісімге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін шектеу шаралары әдетте алты ай сайын ұзартылып келген.
Брюссельде өткен ЕО саммитінде қабылданған шешім туралы Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның баспасөз хатшысы мәлімдеді. Енді бұл шешімді алдағы апталарда Еуроодақ кеңесі ресми түрде бекітуі тиіс.
Санкциялардың мерзімін ұзарту жөніндегі келісімге Венгрияның қарсылық танытпауы мүмкіндік берген. Бұған дейін елдің бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбан мұндай бастамаларды бірнеше рет тежеген болатын. Алайда мамыр айында қызметіне кіріскен жаңа премьер-министр Петер Мадьяр санкцияларды бір жылға ұзартуды қолдады.
Саммит қорытындысында Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты декларацияны ЕО-ға мүше барлық 27 мемлекет қолдады. Осылайша 2024 жылдың желтоқсанынан бері алғаш рет ұйымға мүше елдер бұл мәселеде бірыңғай ұстаным көрсетті.