Еуразиялық одақты ыдырату? Байден оралмандарға арқа сүйейді – саясаттанушы

Dalanews 14 нау. 2021 14:20 720

Ресейшіл саясаттанушы Болат Сұлтановтың пікірінше Американың жаңа президенті Джо Байден Орта Азияны Кремльден тартып алуға тырысады. 

Соның ішінде Еуразиялық одаққа қосылған Қазақстанды Ресейден теріс айнытып, одақ құрамынан шығуға үгіттейді.

"АҚШ Еуразиялық одақты ыдырату үшін ақпараттық соғыстың ең лас түрін пайдаланудан тайынбайды. Ұйымның қызығын орыстар ғана көріп отырғанын айтып, одаққа мүше елдердің арасына от салады ", – дейді Сұлтанов. 

Сөй деген ол ақпараттық пропагандада АҚШ-тан асып түскен, Қазақстанның тәуелсіздігіне тіл тигізіп, шекаралық аймақтарына сұқтанған Ресейдің саясатын сөз етуді "ұмытып" кетіпті.

Айтуынша Украинаны Кремльден ажыратып, тұтас ұлттың санасын ұлаған да Америка. Ақ үйдің сұғанақ саясаты салдарынан бір кездегі бауырлас елдер қазір итше ырылдасып отыр.

Ал билікке келген Байден Еуразиялық одақты таратып, Кремльді күйретіп тынуды көксейді. Одақтың құлашын кеңге жаюына жол бермейді. Путиннің осы бағытты тәбетін тәжеп, тізгін тартуға мәжбүрлейді.


"Путин Байденге бағынбайды, бірақ. АҚШ-тың ойлағаны орындалмай, тауы шағылады. Бұл үшін Бейжіңмен тіл табысып, Америкаға қарсы ұжымдаса күресу керек. Батыс пен АҚШ Еуразиялық одаққа кірген елдердің ішкі ісінде шатағы болмасын. Навальный? Онда несі бар? Навальный олардың екі туып, бір қалғаны ма?!", – дейді Болат мырза.



Ашығын айтқанда адам құқығын аяққа таптап отырған Ресейдің кез-келген әрекетін ақтап алмақ болады. Сұлтановтың айтуынша сайлау кезінде Қазақстан мен Ресейді айыптаудан алдына жан салмайтын Американың сырты бүтін, іші түтін.

"АҚШ әлі күнге өлім жазасынан бас тартқан жоқ. Көрдіңіздер ме, бұл ел гуманизмді бесігінде тұншықтырған. Ал біздің ел бұдан баяғыда бас тартқан. Сайлауға келгенде бізге ақыл айтып, көсемсімесін. ЕҚЫҰ-ның өкілдерін сайлау учаскілеріне кіргізбей зар қылады", – дейді ол.

Қайдан, кімнен естігені белгісіз, Сұлтанов Байденнің Кремльді күйрету, Еуразиялық одақты ыдыратуға қатысты жоспарын біліп қойыпты. Айтуынша, мұның бір амалы - осы одаққа жан-тәнімен қарсы ұлтшылдарды қолдау. Америка Орта Азиядағы ұлтшылдықты қоздырып, КСРО-ны көрмеген кейінгі буынды Ресейге қарсы қояды.

"Қазақстан мен Ресейдің араздастыру үшін КСРО-ны зұлымдық империясы деп қабылдайтын, Мәскеуді оның ізбасары деп танитын "адасқан" жастарды арандатады. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға әлемнің әр түпкірінен 1 млн-нан аса оралман көшіп келді. Байденнің пропаганда құралдары оралмандардың миын айналдырып, Кремльді құбыжық қылып көрсетуге тырысады...", – деген Сұлтанов бұл терминнің әлдеқашан көнергенінен, Тоқаевтың бұйрығымен "оралман" атауы "қандас" деп өзгергенінен хабарсыз қалса керек.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар