«Қазақтелеком», Sulpak және Технодом Қазақстандағы жұмыс істеуге ең қолайсыз компаниялар тізіміне енді.
Бұл туралы People Consulting компаниясының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды деп жазады Dalanews.kz.
Зерттеушілер елдегі IT және digital мамандар арасында сауалнама жүргізіп, олардың қай компанияларда жұмыс істегісі келетінін және қай жерге мүлде барғысы келмейтінін анықтаған.
Антирейтингке қызметкерлерге төленетін төмен жалақы, ұжымдағы жағымсыз атмосфера және компания басшылығының нашар беделі басты себеп болған.
Осылайша, ең нашар жұмыс берушілер тізімінің оныншы орнына техника сататын «Технодом» желісі жайғасқан. Одан кейін Bereke Bank, RBK Bank және Halyk Bank сияқты бірнеше банк орналасқан.
Антирейтингтің алтыншы орнына MagnumGO азық-түлік жеткізу қызметі, бесінші орынға ресейлік төлем жүйесі Qiwi жайғасты.
«Технодоммен» тағдырлас тағы бір тұрмыстық техника сататын компания – «Мечта» дүкендер желісі төртінші орыннан көрінді.
Үздік үштікті интернет-провайдер «Қазақтелеком» бастап берді. Екінші орынды – Sulpak дүкендер желісі иеленсе, IT және digital мамандарының пікірінше, Қазақстандағы ең нашар жұмыс беруші компания – Eurasian Bank атанған. Мұнда сауалнамаға қатысушылар жұмыс шарттары мен атмосферасы мүлде төзгісіз екенін атап көрсеткен.
Осы жайында шолу жасаған желі белсендісі Айғали Тойжанның айтуынша, ел әжептәуір репутациясы бар деп санайтын компаниялардың көпшілігінде ішкі аура дұрыс емес.
"Соның ішінде төмен жалақы, жағымсыз жұмыс ортасы, кәсіби дамудың жоқтығы, жұмыс беруші беделінің нашарлығы және ішкі тұрақсыздық аталған компаниялардың осындай тізімге енуіне себепші болды", - дейді ол.
Антирейтингке енген ТОП-10 компанияның тізімі келесідей:
1. Eurasian Bank
2. Sulpak
3. Қазақтелеком
4. Mechta Market
5. Qiwi
6. MagnumGO E-Commerce
7. Halyk Bank
8. Bank RBK
9. Bereke Bank
10. Technodom