Ерлан Төлеутай: Мемлекет Джеки Чанды емес, ұлттық өнерді қолдауы керек

Ерлан Төлеутай: Мемлекет Джеки Чанды емес, ұлттық өнерді қолдауы керек
LEP podcast

Дәстүрлі әнші, өнертанушы, актер Ерлан Төлеутай Джеки Чанның Қазақстанға келуіне байланысты мемлекеттік деңгейде көрсетілген құрметті сынға алып, бюджет қаражаты ең алдымен ұлттық кино мен мәдениетке бағытталуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ерлан Төлеутайдың айтуынша, әлемге танымал актердің келуі шоу-бизнес аясындағы оқиға болғандықтан, оны мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қарастыру дұрыс емес.

«Вице-премьер де соңынан жүр. Әкім де қарсы алады. Бірақ Джеки Чан  басқа мемлекеттің азаматы. Ол мемлекеттік киноға қатыспайды. Бұл шоу индустриясының өкілі. Ондай адамдармен кино саласының мамандары жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік деңгейде соған сонша көңіл бөлетіндей жағдайда емеспіз», - деді ол.

Оның пікірінше, мұндай әрекеттер қоғамда кері пікір қалыптастырып, жұртшылықтың «өзіміздің өнер адамдары қайда қалды?» деген заңды сауалын туындатады.

«Халық “біздің өз актерлеріміз қайда?”, “ұлттық өнерге кім көңіл бөледі?” деп сұрайды. Кеше де әлеуметтік желіде осы мәселе көтерілді. Ең алдымен ұлттық өнерге қызмет ететін азаматтарға қолдау көрсетілуі керек», - деді Ерлан Төлеутай.

Ол сондай-ақ Джеки Чан қатысатын фильмге бөлінетін қаржы көлеміне қатысты да пікір білдірді.

«Бір фильмнің бюджеті 40 миллион доллар дейді. Тағы бір жерде 60 миллион доллар деген ақпарат айтылып жатыр. Осынша қаржыға елімізде 50-60 көркем фильм түсіруге болады. Сонда біздің ел не ойлап отыр?» - деді ол.

Ерлан Төлеутайдың айтуынша, жобаға қаржы Қазақстан тарапынан бөлінсе, бұл қаражаттың қайдан алынғанына қоғам назар аударуы керек.

«Қаржыны Kaspi банк береді дейді. Бірақ ол қазақтың банкі. Америкадан келіп жатқан ақша емес. Бұл  халықтың ақшасы. Сондықтан оның қазақ қоғамына қандай нақты пайда әкелетінін түсінуіміз керек», - деді актер.

Оның пікірінше, шетелдік актердің Қазақстанда фильмге түсуі ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытады деген пікір де асыра бағалануда.

«Джеки Чанның бұл фильмге түсуі қазақтың даңқын шығарады деуге болмайды. Фильмді белгісіз режиссер түсіріп жатыр. Оның қандай нәтиже беретінін ешкім білмейді. Ал бізде ұлттық киноға қаржы жетпейді дейді, ұлттық өнерге ақша жоқ дейді. Кітап шығарайын десең де қолдау таппайсың. Ең алдымен қазақ қоғамына керек дүниелерге көңіл бөлінуі тиіс. Жастарымыз ұлттық өнермен тәрбиеленуі керек», - деп түйіндеді Ерлан Төлеутай.