Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі болып тағайындалды

Кәмшат Тілеухан 19 нау. 2025 13:21 500

Елімізде Энергетика министрі жаңадан тағайындалды. Бұл туралы Ақорда жариялаған Мемлекет басшысының Жарлығында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі лауазымына тағайындалды", делінген Жарлықта.

Ал бұған дейінгі министр Алмасадам Сәтқалиев елімізде жаңадан құрылған Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалған болатын.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 18 наурызда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. Ал 2024 жылы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын жариялады.

"Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін", - деген Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, өзінің Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдағанын жеткізген еді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы біздердің газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек деп санайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар