Еркектің асын же!

Dalanews 01 сәу. 2016 22:15 1161

Айташы дәл сүзетін бұқадай ентелеп келеді екен. Қашуға жер тар. Азар болса, айтарын тыңдап алармын, тал түсте жарып кете қоймас деп тоқтай қалдым. Расында, солай болды. Әдетінше, түйдек-түйдегімен төкті де жөніне жүре берді. Сондағы Айташының айтқаны, менің сүзгімнен өтіп, сіздердің назарларыңызға ұсынуға жарағаны мынау-ақ болды.

– Әй, осы қазақты тамақпен құртудың қитұрқы әрекеті жасалып жатқанын білесің бе? – деді Айтекең (бұ кісі жауап күтпейді). – Қазіргі жұрт не жеп жүр? Әсіресе, қала қазақтарының тамағы кілең қорексіз ас болып кетті. Дүние жүзі тауықтың етінен, «буштың сирақтарынан» қашып жатса, қазақтың азаматтары соны өз халқына үйіп-төгіп әкеп жатыр.

Түнеугүні Астанада тез тамақтануға арналған «Макдоналдс» мейрамханасы ашылды деп қыруар жұрт қырыла жаздап соған ағылды. Әкім Әділбектің өзі барып ашып берді. «Макдоналдстың» қазақстандық франшизасының иесі Қайрат Боранбаев» деп таныстырды. Ау, өйтіп «франшизасының иесі» дегенше, «бұл Боранбаев «Макдоналдс» корпорациясының асын қазақтарға жегізгені үшін өз үлесін алушы пысық кәсіпкер» дей салмай ма? Әлі біздің жақта осындай 15 мейрамхана ашуды жоспарлап қойыпты. Көшеде жейтін тамаққа тыйым сала алмай жүргенде «КҒС» қаптап ашылып еді. Енді міне «жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей «Макдоналдстың» асханаларын самсатып тастамақшы. Мұны иелері «мейрамхана» деп дабырайтқанымен, шындығында онысы адамдар тамағын апыл-ғұпыл іше салатын кәдімгі асхана ғой.  Түбінде ұлттың түбіне жететін осындай тамақтану орындары. Осы жұрт өзінің тамақ қылып жүрген  асына бір сәт неге зер салмайды екен. Атам қазақ «ауру астан» деп тегін айтып кетті ме? Қорегі жоқ, құнары жоқ тамақ адамды ауру қылмағанда қайтеді.

Қазір ғой, жыл сайын «мыңдаған жастар әскерге жарамсыз болды» деп әлемге жар саласыңдар. Неге тепсе темір үзетін жастағы жігіттердің денсаулығы отан қорғауға жарамай қалды? Осы күні өз бетімен бала туа алмайтын қыз-келіншек қаптап кетті. «Босанды» дейді. Анықтап сұрасаң, екі қатынның бірі қарнын жарғызып («кесаров тілігін» айтады) босанған болып шығады. Жаңа туған сәбилердің ауруын санап тауыспайсың. Осының бәрінің себебі не деп неге ойланбайсыңдар? Тауықтың сирақтарынан ғой бәрі. Әй, осы менің білгенімді атақ-даңқы елге тарап кеткен азаматтар шынымен білмей ме? Әлде білсе де, өзім пайда тапсам болды, басқа қазақта шаруам не дей ме екен?

Кейде қатын-қалаштың тамағын өліп-өшіп жеп тұрған зіңгіттей жігіттерді көріп жаным ашиды. Алпамсадай тұлғасының болғаны не керек, қорегі анау болса? Мұндай жігіттердің қайратының қай мөлшерде екені тағы белгілі.

Соңғы уақытта мен мынадай қауіпті ойлап қатты қорқып жүрмін. Қарашы өзің, қазақ ұлдарын балабақшада кім тәрбиелейді? Әрине, әйел! Мектепте кім оқытады? Тағы да әйел мұғалімдер! Енді жейтін тамақтарына дейін ұрғашы болды. Әтештің, қораздың етін емес, ұлдарың ұрғашы тауықтың етін жеп өсіп жатыр. Тәрбиесі ұрғашыдан, тамағы ұрғашыдан болған жастарымыздың қай жерінде еркектік мінез-құлық қалады? Осыдан кейін «Қазақтың жігіттері арасында «гейлер» қаптап кетті» деп шуламай қайтесіңдер. Бұл барлық қауіптің басы ғана. Менің қатты қорқатыным осы қатер.

Әй, жазарман (мені айтады). Сен де өзіңше ұлттың қамын жеген болып жүрсің ғой. Шын жаның ашыса, менің осы айтқандарымды жазып, жұртқа жеткізші. Ең болмағанда жастарға қорегі бар құнарлы тамақ жеу керегін жазшы» деді.

… Айташы айтарын айтты да, жөніне тартты. Сең соққан балықтай сенделіп мен қалдым. Айташы сіз бен біз емес. Қауіпті жеті қырдың астынан елден бұрын сезеді. Шынында да біз тамағымызға зер салып жүрміз бе? Айташы сөзінің жаны бар. Сондықтан: «Ұрпағыңа жаның ашыса, еркектің тамағын же, ағайын!» дегенге біз де қосыламыз…

Төлеген Жәкітайұлы

 

Дереккөзі: namys.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар