Ердоған Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады

Ердоған Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Режеп Тайип Ердоған Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының сәтті өтуімен құттықтап, екі ел арасындағы парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуды ұсынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың заманауи әрі әділетті мемлекет құруға бағытталғанын атап өтті.

"Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталған", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Түркия басшысына жылы лебізі үшін және сайлау кезінде түркиялық байқаушылардың белсенділік танытқанына алғыс білдірді.

Телефон әңгімесі барысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі даму қарқынын оң бағалады. Сонымен қатар алдағы халықаралық іс-шаралар кестесі де талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі кездесулерге қатысу жөніндегі шақыруын қабыл алды.