ЕҚДБ өз болжамында Қазақстан экономикасы өсімі бойынша көрсеткішті 5,5%-дан 5,2%-ға түсірді

Кәмшат Тілеухан 03 нау. 2025 11:37 551

Еуропалық Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5,2% -ды, ал  2026 жылы 4,5% -ды құрайды деп бажайлап, бұл көрсеткішті алдындағы болжамдарынан да төмендетті. Бұл туралы банктің өңірлер экономикасына (Regional Economic Prospects) қатысты жаңартылған шолуында айтылады, деп жазады Dalanews.kz.

Өткен жылдың қыркүйегінде ЕҚДБ Қазақстан экономикасының 2025 жылдағы өсімі 5,5% деңгейінде қалыптасады деп болжаған.

"ЖІӨ өсімі 2025 жылы 5,2%-ға дейін жеделдейді деп болжануда, оған Теңіз мұнай кен орнының жоспарға сай кеңеюі ықпал етеді, ал содан кейін 2026 жылы, бұл көрсеткіш керісінше 4,5%-ға дейін баяулайды", делінген ЕҚДБ шолуында.

Сонымен қатар, банк сарапшылары 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі бойынша бағамды 4%-дан 4,5%-ға дейін көтерді. ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім еткендей, 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,8%-ды құрады. Үкіметтің болжамы бойынша, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5,6%-ды, ал алдағы 5 жылдағы орташа жылдық өсімі 5,4%-ды құрап қалады.

Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанның ЖІӨ-нің көрсеткіші 2025 жылы 4,7%-ға, 2026 жылы 3,5%-ға өседі деп болжап отыр.

Айта кетсек,бұған дейін қосымша құн салығы мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру және ол бойынша салықтық тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету Қазақстанның ЖІӨ өсімін 42 базистік тармаққа баяулауына әкеліп соғуы мүмкін екенін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин болжаған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар