Қазақстанда 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы тұрақты өткен, алайда энергетика саласында жүйелі проблемалар әлі де өзекті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов маусым қорытындыларын жариялады.
«2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы аяқталды. Жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың арқасында ол тұрақты өтті. Жылыту кезеңінде ірі технологиялық бұзушылықтар орын алған жоқ. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, өткен жылы энергетика инфрақұрылымын жөндеуге бөлінетін қаржы артқан. Электр станцияларында жөндеу жұмыстарына 348 млрд теңге бағытталып, бұл алдыңғы кезеңнен 6%-ға көп болған. Ал жылу желілерін жөндеуге бөлінген қаржы 16%-ға өсіп, 129 млрд теңгеге жеткен.
«Электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергоблокта, 63 қазандықта, 39 турбинада күрделі жөндеу жүргізілді. Электр желілерінде 17 мың шақырым желі мен 420 қосалқы станция жөнделді. 323 шақырым жылу желісі реконструкцияланып, ауыстырылды», - деді ол.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі біршама төмендеген. Электр станцияларындағы тозу 53%-ға, электр желілерінде 66,2%-ға, ал жылу желілерінде 50%-ға дейін азайған.
Сонымен қатар технологиялық бұзушылықтар саны да қысқарған. Электр желілеріндегі ақаулар 12%-ға, электр станцияларындағы көрсеткіш 15%-ға төмендеген. Жылу желілеріндегі температуралық режимді бұзу жағдайлары үш есе азайған.
«2025 жылғы желтоқсанда электр генерациясының максимумына қол жеткізілді – 17 273 МВт, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 7%-ға жоғары», - деді вице-министр.
Алайда саладағы негізгі мәселе ретінде энергия өндіруші ұйымдардың қарызы аталды.
«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып табылады. “ҚазТрансГаз-Аймақ” АҚ алдындағы берешек 37,7 млрд теңгені құрайды», - деді Сұңғат Есімханов.
Күзгі-қысқы кезеңде отын қоры да қалыптастырылған. Қоймаларда 5,6 млн тонна көмір және 152 мың тонна мазут жиналған. Жалпы көмір дайындау жоспары 7,46 млн тонна болса, іс жүзінде 8,15 млн тонна немесе 109,8% орындалған.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жөндеу жұмыстары жалғасады. Биыл 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
«Электр станцияларында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 384 млрд теңге деңгейінде жоспарланған, бұл өткен жылғы деңгейден 9%-ға жоғары», - деді ол.
Сонымен қатар электр желілерінде 1,2 мың шақырым желі мен 54 қосалқы станция жөнделіп жатыр. Жылу желілерін жаңғырту жоспары 377 шақырымды құрайды.
Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар жүзеге асса, жабдықтардың тозу деңгейі әрі қарай төмендейді: электр станцияларында 52%-ға, электр желілерінде 65,7%-ға, жылу желілерінде 48%-ға дейін.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылуда. Биыл жалпы сомасы 626,8 млрд теңгеге 130 км жылу желісі мен 10 490 км электр желісін жаңғырту көзделген.
Сондай-ақ өңірлерді қолдау үшін Үкімет резервінен 7 өңірге 25,4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарына қаражат бөлінген.
Мысалы, Талдықорғанда жаңа қазандық салынып жатыр, Риддерде жылу электр орталығы жаңғыртылуда, ал Семейде қазандықтар жөнделіп жатыр.
Жалпы, Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жалғастырып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейтпек.