Қазақстанда енді сарбаздар әскери бөлімді өздері таңдай алады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстанда әскерге шақырылған жастарға әскери қызмет орнын өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Бұл үшін Қорғаныс министрлігі MyArmy.kz интернет-порталын іске қосты. Жаңа жүйе мерзімді әрі келісімшарт негізіндегі қызметке қабылдау процесін жеңілдетуді көздейді.
Платформада өтініш беруге, әскери мамандықтар мен дайындық шарттарымен танысуға, сондай-ақ онлайн-анықтамалық арқылы сұрақ қоюға болады. Ең басты жаңашылдық – қалаған әскери бөлімді көрсету мүмкіндігі.
Қазіргі уақытта портал Алматы облысындағы №78460 әскери бөлімінің базасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Тестілеуден кейін жоба бүкіл ел бойынша енгізіледі.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, цифрландыру әскерге шақырылушылар үшін әскери қызметті барынша ашық әрі түсінікті етпек.
Еске салайық, 18 қыркүйекте әскерде тағы да қайғылы жағдай болды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында орналасқан №01098 әскери бөлімінде 19 жастағы мерзімді сарбаз Дінмұхамед Шынарбек өлі табылды.
Марқұмның әпкесінің сөзінше, 2024 жылы күзде әскерге Даниял Шынарбек шақырылса, көктемде оның егізі Дінмұхаммед әскер қатарына алынған. Екеуі де Отар гарнизонында қызмет еткен.
Отбасына марқұм суицид жасады деген хабар жеткен, алайда туған-туыстары бұл нұсқаға сенбейді.
Сонымен қатар, Жетісуда мерзімді әскери қызметші оқ жарақатынан қаза тапты.
Мерзімді әскери қызметші қауіпсіздік ережелері сақталмау салдарынан оқ жарақатын алып, сол жерде қаза тапқан.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрі тергеуді жеке бақылауына алды.