Енді әскери қызметшілер "кредиттік демалыс" ала алады

Қаракөз Амантай 06 нау. 2025 16:38 191

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға "кредиттік демалыс" беру шарасын қолға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазіргі уақытта 17 мыңнан астам әскери қызметші жалпы сомасы 6,6 млрд теңге болатын негізгі қарыз бен сыйақыны төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін алды", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Министрлік бұл бастама сарбаздарға борышын өтеу кезінде несие төлеу мәселесін уайымдамай, қызметін атқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Біз қаржы ұйымдары және реттеуші агенттікпен арнайы алгоритм әзірледік. Әскерге шақыру науқаны кезінде жиналған банк қарыздары мен микрокредиттер туралы ақпарат қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданады. Осы деректер негізінде кредиторлар негізгі қарыз бен сыйақы төлемдерін кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алу шараларын уақытша тоқтатады", – делінген хабарламада.

Министрлік несие берушілердің бұл кезеңде қарызды өндіріп алу үшін сотқа жүгінбейтінін және қандай да бір мәжбүрлеу шараларын жүргізбейтінін айтты.

"Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие беруші сот ісін жүргізуді, берешекті өндіріп алу бойынша нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын шығаруды тоқтатады. Сондай-ақ, бұрынғы сот шешімдері бойынша берешекті мәжбүрлі түрде төлеу де жүзеге асырылмайды", – деп нақтылады ведомство.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар