"Еңбегімді ұмытып кетті...". Назарбаев өткен отыз жылға баға берді

Dalanews 30 мам. 2022 07:19 987

Назарбаев Ата заңға түзету енгізу бойынша өткізілетін референдумға баратынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевпен тілдескен экс-президент осы науқанға қатысты ойымен бөлісіп,
түзетулер арасында Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты өзгерістер бар екенін атап өтті.

"5 маусымда ел қатарлы референдумда дауыс беруге қатысамын. Мұндай өзгерістер бұрын да енгізілген еді. Конституция қатып қалған құжат емес, уақыт талабы, қоғамның сұранысын ескеріп, үнемі өзгеріп, толығып отыруы тиіс.

Ең бастысы қазіргі саяси өзгеріс мемлекет пен біздің халқымыздың мүддесі үшін болғаны маңызды", - деді Назарбаев.

Экс-президентті толғандыратын басты мәселе "Назарбаевтың мұрасына" қатысты пікірталас. Оның атап өткеніндей ел басқарған жылдары соңындағы халқына не қалдырарын үнемі қаперінде ұстаған.

Оның айтуынша, биліктен кетуіне халық қарсы болған, әйтсе де тізгінді Тоқаевқа табыстау туралы шешім қабылдаған.

"2019 жылы маңызды қадам жасап, қалың бұқараның қарсылығына қарамастан Мемлекет басшысы қызметінен өз еркіммен кеттім. Халық бұл әрекетімді құптамады.

Мұны 2015 жылғы соңғы президенттік сайлау дәлелдейді, ол кезде мен 97,7 пайыз дауыс алдым.


Иә, бірқатар қызметтегі құзіретімді сақтап қалдым. Бірақ бұл тегіс саяси транзит үшін және қоғам мен билік элитасында болуы мүмкін саяси жанжалды жеңілдету үшін жасалды.

Ата заңға сай президент орынтағын Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырдым. Кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол әділ жеңіске жетті. Осы жылдар ішінде мен оның еліміздің реформалануы мен одан әрі дамуы жөніндегі іс-әрекеттерін жан-жақты қолдадым. Бұл жолы да қолдау көрсетеріме күмән болмасын", - деді Назарбаев.

Сонымен қатар, өткен отыз жылда ауқымда істер атқарылғанын, алайда кейбіреулердің мұны ұмытып кеткеніне өкпе-реніш білдірді.

“Халықтан асқан дана жоқ, халық бәрін есте ұстарына сенімдімін. Қазақстан саяси да, экономикалық та халықаралық процестердің белсенді ойыншысына айналды. Егемендік жылдары елімізге 360 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жан басына шаққандағы кіріс 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,6 мың долларға дейін өсті”, – деді экс-президент.

Бұнымен қоса Қазақстан экономикасының көлемі Орта Азияның барлық елдерінің экономикасынан 2 есе артық екенін еске салды.

“Біз 1991 жылы неден бастадық және бүгінге дейін не нәрсеге қол жеткіздік. Жер мен көктей. Тәуелсіздігімізді нығайттық. Барлық көршілерімізбен шекараны анықтадық және қазіргі уақытта бізге қатысты кез-келген аумақтық шағымдар толығымен алынып тасталды.

Тәуелсіз болу үшін мемлекет әлем мойындаған шекараларға, өзінің соғысқа қабілетті армиясына, ұлттық валютасына, халықаралық мойындауға ие болуы керек.


Мұның бәрі бізде болған жоқ. Бұған менің президент болған жылдарымда және менің басшылығыммен қол жеткізе алдық”, – дейді Назарбаев.

https://dalanews.kz/news/77576-eng-auyr-sankciia-batys-elderi-reseyg

 

https://dalanews.kz/del-qazir/77288-qazaqstandyq-mektepterding-aleuetin-2

https://dalanews.kz/kogam/77339-khalqytyng-759-y-ata-zangga-tuzetuler-engiz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар