2025 жылдың қаңтар айында Қазақстанның экспорты 4,5 млрд долларды құрады, оның 60%-ы, әдеттегідей мұнайға тиесілі. Одан бөлек экспортта мыс, ферроқорытпалар, бидай, сондай-ақ уран, табиғи газ және күнбағыс майы маңызды позициялар болып қала берді. Ал импорт көлемі қаңтар айында 2,8 млрд АҚШ долларынан асты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жетекші санаттарға телефондар, автомобиль корпустары, дәрі-дәрмектер және жеңіл автомобильдер жатады. Сондай-ақ құрылыс техникасы мен қозғалтқыштар жеткізілімінің де өсімі байқалады.
"Шикізат экспорты мен жоғары технологиялық өнім импорты арасындағы теңгерімнің сақталуы Қазақстанның сыртқы экономикалық бағытының орнықтылығын растайды. 2025 жылы Қытаймен, Ресеймен және Еуропалық Одақ елдерімен стратегиялық әріптестікті дамыту, сондай-ақ Орталық Азия нарықтарындағы позицияларды нығайту басымдық болып қала береді", делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін сайтымызда осы тақырыпқа орайлас:"Мәулен Әшімбаев: "Сыртқы саудада Қазақстанның өз жолы болуы керек" деген материал жарияланған болатын.