Елімізде төтенше жағдай мамандарын баспанамен қамтуға қомақты қаржы бөлінбек

Dalanews 18 шіл. 2021 04:56 1069

Төтенше жағдай министрлігіне қарасты құрылымдарда қызмет ететін мамандардің басым көпшілігі тұрғын-үймен қамтылмаған деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Премьер-министр Асқар Мәминнің атап өткеніндей төтенше жағдайда халыққа қол ұшын созатын мамандардың тұрғын-үй мәселесін шешу үшін жылына қосымша 9 млрд. теңгеге жуық қаражат қажет. 

Үкімет аталған сала мамандарын баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. 

“Төтенше жағдай министрлігінің мәліметі бойынша осы салада еңбек ететін 7,8 мың азамат үйсіз жүр, олардың отбасыларын қоса алғанда бұл 15 мың адамды құрайды. Үкімет бұл мәселені назарында ұстауда, құтқарушылардың талап-тілегіне құлақ түріп, оларды баспанамен қамтуға бар күшімізді саламыз. Осы мақсатта республикалық бюджеттен жылына қосымша 8,7 млрд теңге бөлу көзделуде”, – деді Асқар Мәмин.  

Айта кетелік, бұл мәселені сенаторлар сөз қылып, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді. 

Мәминнің атап өткеніндей төтенше жағдай қызметкерлерін толықтай баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы тұрғын-үй туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Әзір осы бағытта меморгандар тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілуде. 



Dalanews.kz тілшісі осы мәселені Парламент мінберінде көтерген сенатор Сергей Ершовқа хабарласып,  пікірін білген еді.

“Төтенше жағдай мамандарын тұрғын-үймен қамтамасыз ету мүлде қарастырылмаған. Сондықтан аталған салада кадрлар тұрақтамайды, бұл өз кезегінде сапа мәселесіне теріс әсер ететіні айдан анық.  

Елімізде төтенше жағдай саласында тер төгіп жүрген 19 мыңға жуық маман бар. Солардың 40 пайызы (7800 адам) баспанасыз, көшіп-қонып жүр. 


Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға мұндай көзқараспен қарауымыз қателік. Төтенше жағдай орын алса, оқиға орнына алғашқы болып жететін де осы азаматтар. Ендеше оларды тұрғын-үймен қамтамасыз етуге бөлінетін 8,7 млрд игі мақсатқа жұмсалады”, – дейді сенатор. 

Оның пікірінше еліміздегі өзге меморгандарда мұндай мәселе жоқ. Ішкі істер саласы мен антикоррупциялық қызмет мамандарының көпшілігі баспана мәселесін ойлап бас қатырмайды, тиісінше бар уақытын жұмысқа арнайтын мүмкіндігі бар.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар