Ресей Украинаға жаппай соққы жасады: кемінде 32 адам қаза тапты

Ресей Украинаға жаппай соққы жасады: кемінде 32 адам қаза тапты
Ашық дереккөз

Ресей әскері 7 қазанға қараған түні Украинаға зымырандар мен дрондармен жаппай соққы жасап, кемінде 32 адам қаза тапты, 100-ден астам адам жараланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Украинаның Чернигов облысындағы Прилуки қаласында ресейлік зымыран бес қабатты тұрғын үйге тиіп, ғимараттың бір бөлігі қираған. Құтқару қызметінің мәліметінше, қалада қаза тапқандар саны 22 адамға жеткен, олардың арасында балалар бар.

Киевте де тұрғын үйге жасалған соққы мен дрондардың құлауынан төрт адам қаза тапқан. Бұдан бөлек, зардап шеккендер Кировоград, Днепропетровск, Полтава және Харьков облыстарында тіркелді.

Ресей Қорғаныс министрлігі соққыларды растады. Ведомство шабуылдың Украинадағы әскери-өнеркәсіп нысандарына, оның ішінде Киевтегі Fire Point компаниясының қанатты зымырандар мен ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондар өндіретін және сақтайтын нысандарына бағытталғанын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский шабуылды айыптап, Ресейдің баллистикалық зымырандары ел үшін негізгі қауіп болып отырғанын айтты. Оның мәліметінше, шабуыл кезінде Ресей шамамен 70 зымыран және ондаған «Shahed» дронын ұшырған.

Сонымен қатар, Еуропалық одақ елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін келісіп, 1646 жеке тұлға мен ұйымды санкциялық тізімге енгізуді мақұлдады. Олардың басым бөлігі Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенімен, соның ішінде «Искандер-М» баллистикалық зымырандарын өндіру тізбегімен байланысты. Санкциялар дүйсенбі күні ЕО сыртқы істер министрлерінің отырысында ресми бекітілуі тиіс.