Қазақстанның қаржы нарығына қатысушылар доллар бағамы мен инфляция бойынша болжамын жақсартып, базалық мөлшерлеменің 16%-ға дейін төмендеуін күтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Аналитикалық орталығы қазан айындағы кәсіби нарық қатысушылары арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесін жариялады. Зерттеуге банктердің, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ талдау және қазынашылық бөлімдерінің мамандары қатысты.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың 85%-ы Ұлттық банктің 23 қазандағы отырысында базалық мөлшерлеме төмендейді деп күтеді. Олардың болжамынша, мөлшерлеме 15,75–16% деңгейіне дейін түсуі мүмкін.
Мөлшерлеменің төмендеуін күтетін сарапшылардың 71%-ы оның 0,25 пайыздық тармаққа төмендеп, 16%-ға дейін түсуін болжап отыр. Қалғандары ақша-несие саясатының одан да айтарлықтай жұмсаруы мүмкін деп санайды.
Ал 12 айдан кейін базалық мөлшерлеме 14,5% деңгейінде болады деген болжам жасалды. Алайда оның одан әрі төмендеуіне инфляциялық күтулердің жоғары болуы, бюджеттік ынталандыру, тарифтік реформалар және сыртқы баға факторлары әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың бір жылға арналған инфляция болжамы да төмендеді. Қыркүйектегі 10,4%-дан қазанда 9,7%-ға дейін қайта қаралды. Бұл көрсеткіш қазіргі инфляция деңгейін емес, алдағы 12 айдағы бағаның өсуіне қатысты күтуді білдіреді.
Доллар бағамына қатысты болжам да жақсарған. Сарапшылар қарашаның басында АҚШ валютасы 456,5 теңге болады деп күтеді. Бұған дейінгі сауалнамада бұл көрсеткіш 474,2 теңге болған.
Бір жылдық болжам бойынша да доллар бағамы төмендетілді. Қыркүйекте сарапшылар 511,6 теңге деп болжаса, қазанда 502,6 теңге деңгейін күтетінін айтты. Дегенмен бұл көрсеткіш 500 теңгеден жоғары болып қалып отыр.
Нарық қатысушылары теңгені қолдайтын факторлардың қатарында теңгедегі активтердің жоғары нақты кірістілігін, Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингісінің көтерілуін, Ұлттық банктің валюталық операциялары аясындағы шетел валютасын сатуды және бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға қаражатының келуін атаған.
Сонымен қатар сарапшылар алдағы бір жылда Brent маркалы мұнай бағасы бойынша болжамын 83,7 доллардан 79 долларға дейін төмендетті. Бұл мұнай ұсынысының артуы мүмкіндігімен байланысты.
Мұнай бағасына қатысты болжам төмендегенімен, Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты күтулер өзгерген жоқ. Сарапшылар 2026 жылы экономикалық өсім 4,4% болады деп отыр.
Олардың бағалауынша, экономикалық өсімді қаржылық жағдайдың біртіндеп жұмсаруы, бюджет шығыстары және ірі инвестициялық жобалар қолдауы мүмкін.
Сауалнама нәтижелері қаржы нарығының тәуелсіз кәсіби қатысушыларының пікірін көрсетеді. Бұл Ұлттық банктің ресми болжамы немесе сауалнамаға қатысқан ұйымдардың ресми позициясы емес.