Елімізде өз-өзін асырай алатын және күні трансферттерге қараған өңірлердің аты аталды

Кәмшат Тілеухан 09 қаз. 2025 16:10

Қаржы министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, тамыз айында өңірлер 909,4 млрд теңге салық жинаған, биылғы сегіз айдағы бюджетке түскен жалпы салық көлемін 5,7 трлн теңгеге жеткізе отырып (1 тамызда 4,8 трл теңге болған).  Осылайша өңірлердің салық түсімі маусым мен шілдедегі төмендеуден кейін 56% өсімді көрсетіп, жыл басынан бергі ең нәтижелі кезеңдердің бірі ретінде тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көп салық жинаған өңірлер

Салық түсімдері үлесі табысының 70%-ын құрайтын экономикалық белсенділігі жоғары еліміздегі үш өңір көш басында келеді:

  • Алматы — 1 409,6 млрд теңге (табысындағы үлес - 91,8%);
  • Астана — 778,9 млрд (71,8%);
  • Атырау облысы — 587,3 млрд (92,2%).

Ал салық түсімі ең аз өңірлер: 

  • Қызылорда — 89,3 млрд, 
  • Солтүстік Қазақстан облысы — 87,7 млрд, 
  • Ұлытау — 84,8 млрд, 
  • Жетісу — 71 млрд теңге.

Өңір табысындағы салықтық түсімнің үлесі

Өңірлердің табыс құрылымы олардың қаржылық тәуелсіздігін айқын көрсетеді.

50–70% аралығындағы үлес — шартты түрде фискалдық тұрғыда тәуелсіз аймақтар: Павлодар (62,9%), Алматы облысы (63,3%), Ұлытау (62,5%), Маңғыстау (51,1%)

Ал 30%-дан төмен үлес – орталыққа қаржылай тәуелді өңірлер: СҚО (24,9%), Жамбыл (23,4%), Жетісу (19,4%), Қызылорда (17,5%), Түркістан (15,2%).

Шығын мен табыс арақатынасы

Қаржылай тұрақты өңірлердің кейбірі салықтан көп жинап, аз жұмсайды. Биылғы сегіз ай брысында Атырау облысы әр 1 теңге салыққа 0,96 теңге жұмсаған, ал Алматы — 0,88 теңге.

Бірақ Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жағдай керісінше: әрбір 1 теңге салық 5–6 теңге трансфертпен қолдау табады. Бұл өңірлердің салық базасы әлсіз, ал әлеуметтік шығындары жоғары дегенді білдіреді.

"Жалпы, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша аймақтардың табыс құрылымындағы салық үлесі орташа есеппен 46,5% ғана. Бұл өңірлік бюджеттердің тең жартысы орталықтан бөлінетін трансферттер есебінен қалыптасатынын білдіреді. Өңірлік қаржының тұрақтылығын арттыру үшін салық базасын кеңейту, кәсіпкерлік пен қайта өңдеу салаларын дамыту, жұмыс орындарын құру және жергілікті елдімекендерге инвестициялар тарту қажет. Тек осы жағдайларда ғана орталықсыздандыру шарасы тиімділік танытып, аймақтар тек ақшаны жұмсап қана қоймай, өз кірістерін дербес қалыптастыра алатын нақты жағдайға жетеді", - дейді экономист Руслан Сұлтанов.

Бұған дейін еліміздегі орташа және медианалық жалақы көлемі жарияланған болатын.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар