Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялар фестивалі аясында республикалық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара барысында журналистер университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызымен кездесіп, оқу орнының миссиясы, стратегиялық даму бағыттары мен қазіргі тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат алды.
Кездесу барысында университет басшысы: «Біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әрдайым ашық әрі тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз. Сіздердің кәсіби пікірлеріңіз бен шынайы бағаларыңыз университет үшін аса маңызды», – деп атап өтті.

Дөңгелек үстел форматында өткен еркін пікір алмасу кезінде БАҚ өкілдері университеттің негізгі көрсеткіштері, білім сапасы, студенттердің әлеуметтік жағдайы және алдағы даму жоспарлары жөнінде сұрақтарын қойды.
Баспасөз туры аясында журналистер жалпы білім беретін мектептерге шахмат пәні мұғалімдерін даярлайтын «KazChessLab» білім беру алаңында болып, блиц-партия ойнап көрді. Сонымен қатар қонақтар «QyzPU» медиастудиясының, Баспасөз қызметі редакциясының, жаңартылған хореография залының және Серәлі Қаниев атындағы кітапхананың жұмысымен танысты.
Сондай-ақ журналистер халықаралық қатынастар бөлімінің қызметі мен шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен жасалған меморандумдар аясында білім алып жатқан студенттердің оқу үдерісі туралы ақпарат алды.

Бұдан бөлек, медиа өкілдері университеттің ғылыми-инновациялық және шығармашылық әлеуетімен танысты. Олар Молекулалық физика және термодинамика зертханасында, Биотехнологиялық зерттеулер зертханасында және «PHYWE» интерактивті кабинетінде болып, ғалымдармен және студенттермен пікір алмасты.
Журналистер зерттеушілер жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалармен, жаңа бастамалармен және ғылыми еңбектермен тікелей танысуға мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда университетте 12 мыңнан астам студент білім алуда. Білім алушылар географиясы Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерін қамтиды. Бүгінгі күні QyzPU әлемнің 23 еліндегі 83-тен астам университет және ғылыми орталықпен серіктестік байланыс орнатқан.
Іс-шара соңында құрылымдық бөлім басшыларымен еркін форматтағы пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, журналистер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.