Елімізде көп айлықты кімдер алады?

Dalanews 22 мам. 2017 06:12 810

Қазақстан кәсіпорындары іскерлік белсенділікті қалпына келтіре отырып, өз жұмысшыларына көп назар бөле бастады. Соның негізінде биылғы жылы нақты жалақы көлемінің өсімін экономика салаларының 48%-ы сезді (45 сала). Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 35% болатын (33 сала), деп хабарлайды Baq.kz порталы energyprom.kz сарапшыларына сілтеме жасап.

Қазақстан экономикасында нақты орташа айлық жалақы өсімі жұмысқа орналастыру саласында тіркеліп отыр – былтырғы жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда, биыл сала мамандарының жалақысы бірден 100,8 мың теңгеге немесе 30%-ке өсті. Ал саладағы нақты жалақы өсімі, инфляцияны ескергенде, 20,2%-ке артқан.

Нақты жалақы өсімі бойынша үздік үштік қатарында құбырлар арқылы тасымал жұмысымен айналысатын кәсіпорындар бар. Биылдан бері жұмысшыларға төленетін ақы былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 95,4 мың теңгеге өскен.

Үздік үштікті компьютер мен тұрмыстық техника жөндеу ұйымдары бекітіп отыр. Ондағы жалақы бір жыл ішінде 77 мың теңгеге немесе 51%-ке көбейген.

Биылғы жылы ең жоғары жалақыны теңіз немесе жағадағы жүк көліктерінде жұмыс істейтіндер алатыны анықталды (661,2 мың теңге, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 6%-ке азайған). Сонымен қатар су көлігі кәсіпорындарында (569,5 мың теңге) және ірі компанияларда істейтін жұмысшылар да жап-жақсы жалақымен (454 мың теңге) қамтылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар