Ғылым және жоғары білім министрі 2025 жылғы 3 маусымдағы бұйрығымен AI-Sana инновациялық акселерациялық бағдарламасы жобасының паспортын бекітті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
AI-Sana (AI ағылшынша Artificial Intelligence - "жасанды интеллект" және Sana қазақша – "ақыл"," ойлау") - студенттер, магистранттар және докторанттар арасында жасанды интеллект (АИ) саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама.
Бағдарлама білім беру, зерттеу және стартаптарды дамытуды біріктіретін қарқынды экожүйені қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Осы мақсатта әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін пайдалану қажет.
Бағдарлама түлектері салалық мәселелерді инновациялық жолмен шешуге арналған өз стартаптарын құра алады немесе алған білімдерін жұмыс орындарында тиімді қолдана алады, бұл өз салаларында инновациялардың таралуына және технологиялық дамуына ықпал етеді.
Осылайша "AI-Sana" бағдарламасы ұлттық экономика салаларында ЖИ әлеуетін ашуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудара отырып, технологиялық және экономикалық дамудың катализаторы ретінде әрекет етеді. Қазақстанның технологиялық және экономикалық өсуінің драйвері бола алатын Deep Tech-стартаптарын құруға ерекше назар аударылды.
AI-Sana білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіруді қамтиды, жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беруден ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік береді.
"AI-Sana" бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылады, әрбір кезең студенттердің құзыреттерін жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап, стартаптарды кәсіби деңгейде дамытуға және оларды нарыққа шығарып, ауқымын кеңейтуге дейін жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Дайындық кезеңі жасанды интеллект бойынша курстарды қамтиды.
Дайындық кезеңі (650 мың студент) – Coursera, Huawei платформаларында, сондай-ақ Astana Hub алаңында ЖИ бойынша курстар. Бұл кезең жоғары білімнің барлық деңгейіндегі студенттерге (бакалаврлар, магистранттар, докторанттар) арналған және ЖИ саласындағы негізгі трендтер, технологияның базалық қағидалары мен оны әртүрлі салаларда практикалық қолдану мүмкіндіктері туралы дәрістерді қамтиды.
- 1-кезең (100 мың студент) – ЖИ негізінде кәсіпкерлік дағдыларды, бағдарламалаудың базалық дағдыларын, машиналық оқытуды үйрету.
- 2-кезең (60 мың студент) – студенттердің жобаларын құрылымдау, ауқымын кеңейту стратегиясын әзірлеу және нарықтық қажеттіліктер мен тенденцияларға бағдарлау.
- 3-кезең (1,5 мың MVP стартаптар) – стартаптардың прe-акселерациясы, акселерациясы және пост-акселерациясы.
Дайындық кезеңі жоғары оқу орындарындағы барлық білім деңгейін (бакалаврлар, магистранттар, докторанттар) қамтитын бастапқы білім беру блогын білдіреді. Ол ЖИ саласындағы негізгі трендтерге, базалық білімдерге және ЖИ технологияларын әртүрлі салаларда қолдануға арналған дәрістерді қамтиды.
Дайындық кезеңінен кейін халықаралық сарапшылар тобы үш кезеңнен тұратын ЖИ және кәсіпкерлік саласындағы мамандандырылған әдістемелік бағдарламаны ұсынады.
- 1-кезеңде қатысушылар ЖИ саласында кәсіпкерлік дағдылар, машиналық оқыту және бағдарламалау бойынша оқытудан өтеді. Бағдарламалар жобаларды әзірлеу және жасанды интеллектіні қолдануға негізделген нақты салалық мәселелерді шешу барысында практикалық дағдыларды игеруге бағытталған.
- Бағдарламаның 2-кезеңінде студенттік жобаларды құрылымдауға, олардың ауқымын кеңейту стратегиясын әзірлеуге және нарықтық қажеттіліктерге бағдарлауға басты назар аударылады. Бұл кезеңде студенттер өз жобаларын тәжірибелі менторлар мен сарапшылардың жетекшілігімен пысықтай алады, сондай-ақ өз бастамаларын табысты іске қосу мен дамыту үшін практикалық құралдар алады.
- 3-кезеңде қатысушылар пре-акселерациядан өтеді, мұнда перспективті идеялар іріктеліп, жетілдіріледі, MVP құрылып, бизнес-модельдер қалыптастырылады. Кейін акселерация кезеңінде жобалар тәлімгерлер, сарапшылар және мамандандырылған инфрақұрылымның қолдауымен пысықталып, ауқымын кеңейтеді.
- Пост-акселерация кезеңінде стартаптарға ауқымын кеңейтуді қоса алғанда, нарыққа шығу, инвестиция тарту және халықаралық платформаларда позицияларын нығайту үшін қолдау көрсетіледі.
Министрлік Ғылым қоры және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, ағымдағы жылға басым салалар ретінде энергетика және тұрақты даму, агроөнеркәсіптік кешен, білім беру және таланттарды дамыту салаларын таңдады. Бұл бағыттар халықаралық венчурлық инвесторлар үшін маңызды болып отыр, оларға жаһандық нарық тарапынан айтарлықтай назар аударылып, инвестициялар тартылуда.
Ағымдағы жылдың ақпан айында инновациялық бағдарламаның дайындық кезеңі басталды. Бұл кезең ЖИ саласындағы базалық білімді алу үшін еліміз бойынша 650 мың студентті қамтиды.
Huawei компаниясы бағдарлама аясында жасанды интеллектінің базалық дағдыларына арналған 2 курсты қазақ тіліне аударып, локализациялады. 81 180 студент оқуды бастады, олардың 57 966-сы сертификатталды. Оқу АКТ саласындағы соңғы технологияларды жан-жақты оқыту үшін еліміздегі жоғары оқу орындарында ашылған 43 АКТ-академиясының базасында өтуде. Курстардан өту бойынша ең үздік көрсеткіштерді келесі жоғары оқу орындары көрсетті: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 8572 студент; Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды университеті – 8240 студент және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – 3802 студент.
Astana Hub-пен бірлесіп "ЖИ негіздері: ChatGPT" курсы іске қосылды, а.ж. ақпан айынан бастап 3 100 студент тіркеліп, оқып жатыр, оқыту мен студенттерді тіркеу жалғасуда.
Бүгінгі таңда "Coursera" білім беру платформасында платформада ұсынылған барлық курс, сондай-ақ ЖИ-мен байланысты барлық курс қолжетімді. Сарапшылар ЖИ бойынша 2 курсты таңдады, олар "Барлығына арналған генеративті ЖИ" және "ChatGPT үшін Promt инженериясы". Coursera компаниясы бағдарлама аясында еліміздің 95 жоғары оқу орнына 36 890 лицензия бөлді.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттерді белгіленген үлгідегі электрондық сертификат бере отырып, өз бетінше әзірленген курстар бойынша оқыта алады.
Министрлік жасанды интеллект бойынша пәндерді барлық бағыт бойынша білім беру бағдарламаларына міндетті түрде енгізуді көздейтін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер енгізді. Қазіргі уақытта еліміздің 95 жоғары оқу орны білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект пәндерін енгізді.
Ғылым қорымен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп еліміздің әр өңірінде 27 "зәкірлі" жоғары оқу орны іріктеліп, бекітілді (Stanford (Стэнфорд), MIT (Эм-Ай-Ти) және т.б.). Жоғары оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылыммен байланысты критерийлер бойынша іріктелді, оның ішінде жоғары оқу орындарында ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік әріптестердің, есептеу қуаттарының болуы және т.б. Бұл жоғары оқу орындары өз өңірінде және көршілес облыстарда жобаны іске асыруға жауапты, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын AI-Sana бағдарламасы бойынша оқытуды қамтамасыз етеді.
AI-Sana бағдарламасын іске асыру арқылы күтілетін нәтиже:
- ҚР ҒЖБМ серіктестерінің курсы бойынша 650 000 студенттер, магистранттар, докторанттарды оқыту;
- АИ және АИ кәсіпкерлік бойынша бағдарлама модульдері шеңберінде 100 000 студенттер, магистранттар мен докторанттар оқытып алу;
- Жобаларды құрылымдауға дайын салалық кейстері бар АИ және кәсіпкерлік АИ бойынша тереңдетілген бағдарлама модульдері шеңберінде 60 000 студенттер, магистранттар мен докторанттар оқытып алу;
- 1500 салалық стартаптар;
- Халықаралық нарықтарға кеңеюге және масштабтауға дайын 50 стартап.
Жоба келесі мерзімдерде іске асырылатын болады:
- 0 кезең (2025 жылғы наурыз – желтоқсан) – АИ базалық дағдылары (барлық контингент үш платформаның бірінде: Huawei, Coursera, Astana Hub немесе ҚР МВҰ айқындаған өзге де платформаларда АИ бойынша кіріспе курстардан өтуі тиіс).
- 1 кезең (2025 жылғы маусым – желтоқсан) – оқу-әдістемелік кешенді бейімдеу (Қазақстан контекстіне кәсіпкерлікке және бағдарламалауға АИ оқыту бойынша бірегей білім беру контентін бейімдеуді қамтитын, ұлттық экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, салалық кейстермен локализацияланатын және толықтырылатын болады).
- 2 кезең (2026 жылғы қаңтар – маусым) – оқыту (АИ-кәсіпкерлік және АИ-бағдарламалау негіздері бойынша 2 айлық бағдарлама бойынша және одан әрі кеңейтілген 3,5 айлық бағдарлама бойынша гибридті форматта онлайн оқытуды ұйымдастыру).
- 3 кезең (маусым – қыркүйек 2026 жыл) – Бизнес – акселерация (АИ-стартаптарды әзірлеуге бағытталған алдын ала акселерациялық бағдарлама: құрылымдау, бизнес-бағдарлау).
- 4 кезең (2026 жылғы қазан – желтоқсан) – масштабтау (АИ-стартаптарды пысықтауға және халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған акселерациялық бағдарлама).
Жобаның бюджеті келесідей бөлінеді:
- 1 кезең (2025 жылғы наурыз) – қаржыландыру қажет емес.
- 2-кезең (2025 жылғы маусым-тамыз) – 1,525 млрд теңге (бюджеттен тыс көздер және республикалық бюджет).
- 3-кезең (2026 жылғы қаңтар) – 1,974 млрд теңге (республикалық бюджет және (немесе) бюджеттен тыс көздер).
- Жалпы бюджет - 3,499 млрд теңге.
Бұйрық 2025 жылдың 3 маусымынан бастап қолданысқа енгізілді.