"Елге билік ауысқанда қайтамын"

Dalanews 14 сәу. 2017 04:00 899

 

Алтынай Әділова туралы көп адам білмеуі мүмкін. Былтыр жер реформасына қарсы 15 тәулікке қамалған қаршадай қыз қазір Украинада тұрып жатыр. Ол елден неге кетті? Ол жақта не істеп жүр? Осы сұрақтар төңірегінде аз-кем сөйлескен едік.




–  Алтынай, естуімше Киевте тұрып жатқан көрінесіз. Ол жаққа қашан, не себепті кеттіңіз? Жалғыз кеттіңіз бе?

– Украина астанасы Киев қаласына өткен жылдың шілде айында келдім. Келген себебім, өздеріңіз білетіндей, сол жылдың сәуір-мамыр айларында бүкіл Қазақстан бойынша өткен Жер дауына қатысты бейбіт шерулер өтті. Шерудің өтуіне биліктің сол жылдың 1 шілдесінде аукцион арқылы елдің ауылшаруашылық жерлерін шетелдік тұлғаларға сату және жалға беру туралы шешімі түрткі болды. Мен Қазақстан азаматшасы ретінде бұл заңнаманы қолдамадым.

Менің бұған қарсы шығуымның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, биліктің  Тәуелсіздік жылдарында  жүргізген саясаты және экономикалық жетістігі ауыз толтырып айтатын деңгейде емес. Бәрі өтірік статистикамен өлшенеді. Шын мәнінде, Қазақстан гүлденген 30 елдің қатарына енбек түгіл, қалың шаңның арасында қалды... Қарапайым халықта баспана жоқ, жер жоқ. Мемлекет тарапынан кезекке тұрып алатын жер телімдері ондаған жылдар бойы берілмейді. Менің 10 соток жер алуға кезекке тұрғаныма 10 жылдан асты.

Оның үстіне, жемқорлыққа шырмалған, ақша берсең кезегің жылжиды. Соның бәрін білген соң, аукционды өткізуге мен қарсылық көрсеттім. Әлеуметтік желіде жеке парақшамда өзімнің ой-пікірімді жаздым, билікті кінәладым, сынадым. Сөйтіп, мен 21 мамырға жоспарланған бүкілқазақстандық бейбіт шеруге қатыспақшы болдым. Бірақ, мені шеруден 4 күн бұрын далада ұстап алып, бірінші ішкі істер басқармасына (ДВД), одан аудандық ішкі істер бөлімшесіне (РУВД), сосын Әкімшілік сотқа апарып, менің пікірімді тыңдамастан, жауып тастады. Сотта дәлел ретінде менің фейсбук парақшамдағы жазғандарымның скриншоттарын көрсетті. Соны бетіме басып, сіз заңсыз шеруге елді шақырдыңыз деді.

Шын мәнінде, менің шеруге қатыспағаным, алаңда болмағаным оларды толғандырмады. Егер мені алаңнан ұстап әкетсе, онда бір жөн еді. Бұл әрекеттері арқылы билік менің тікелей Конституциялық құқықтарымды бұзды. Менің Атазаңға сай еш қарусыз бейбіт жиналуға және сол шеруде өз пікірмді айтуға хақым бар. Менің пікірімнің ешбірі ескерілген жоқ. Бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып тұрғанымды айтсам да, олар тыңдамады. Мені 488-баптың 3-тармағына сәйкес 15 күнге қамады, ал сол заңның 1-тармағында: «Егер де адам бірінші рет әкімшілік жауапқа тартылса, айыппұл салынады не болмаса ескерту беріледі» деп нақты жазылған. Оны сот елемеді.  Бұл – заң бұзушылық. 15 күннен шыққан соң да мені ҰҚК-нің адамдары аңдыды, басқа белсенділер арқылы «шеруге тағы қатысатын болса, қылмыстық іс ашамыз» деп сәлемдеме жолдады. Қылмыстық іс ашу біздің билікке түк емес, ал мен тыныш отыра алмадым. Сол үшін туған елден уақытша кетуге мәжбүр болдым. Оппозиционер Ермек Нарымбаймен қатар кеттім. Ол кісінің үстінен екі қылмыстық іс ашылған.

– Киевте таныстарыңыз бар ма еді? Қалай күн көріп жүрсіздер? Кімдер қолұшын созды?

– Киевте жақын таныстарым болған жоқ. Интернет арқылы бір қазақ отбасымен танысқанмын. Бұл жерге келген соң саяси баспана сұрадым. Жұмыс әзірше жоқ. Ол үшін құжаттарын дұрыстауым,  босқын деген статусты ретке келтіруім керек. Бәрі процесте, оң шешіледі деп нық сенемін. Қазірше әке-шешем көмектеседі.

– Киевтің саяси ортасы, қоғам белсенділері мемлекет саясатына ықпал ете ала ма? Біздің саяси өмірімізге олар қандай баға береді?

– Айрықша ықпал етеді. Радада тек президенттің партиясы емес, сонымен қатар оппозициялық партиялар бар. Олар кез келген заңнамалық актілерге өздерінің ашық пікірін білдіреді, баламасын ұсынады. Көзқарастарын бүкпейді. Украина – парламенттік-президенттік мемлекет, аты айтып тұрғандай, Парламенттің шешімі президенттің шешімінен жоғары.

Мұнан сырт қоғамдық ұйымдар, белсенділер, БАҚ, жалпы, украин халқының Украина үкіметіне қояр талабы да ауыр әрі сөздерін өткізе алады. Сот жүйесіне ықпалы зор. Мемлекетте болып жатқан оқиғаны жасырмай, тікелей эфирде теледидардан көрсетеді, талқылайды. Раданың жеке телеарнасы бар, үкімет отырыстарын бастан-аяқ көрсетеді.

Айталық, Майдан алаңында күнде шерулер өтіп жатады, ешкімді ұстамайды, шеруге шыққаны үшін қудаламайды. Біздің саяси өмірге қызығушылықпен қарайды, кейбір мәселелерге таңданыстарын да жасырмайды. Әсіресе, саяси қуғындауларды естісе, «сендерде әлі сондай жүйе ме?» дегендей, түсінбей қалып жатады. Бір анығы, саяси элитасы Қазақстанның саяси өмірі мен бағыт-бағдары туралы қазақстандықтардан гөрі жақсы біледі... Олардың қараша халқы да Қазақстан жайлы ақпараттарға қанық. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда 1 миллионға жуық украин тұрған. Қазір солардың 700 мыңнан астамы Украинаға – тарихи отандарына оралып үлгерген. Олар Қазақстанмен байланысын түбегейлі үзген жоқ. Тамыр-таныстары, достары жетерлік. Солар арқылы әрі интернеттен күнделікті жаңалықтарды біліп тұрады. Саяси өзгерістердің әрбірін қадағалап, барлап, кейбіріне өз пікірлерін білдіріп жататын таныстарымыз көп.

– Қарапайым украиндықтар бүгінгі Ресей саясатына қандай баға береді? Украиндарды батысшыл, бүгінгі қантөгіске өздері кінәлі дейтін ақпараттық тасқынға қосылатындар, соғыс үшін өкінетіндер бар ма?

– Украинаның Шығысында қантөгіс болып жатыр. Киевте бәрі тыныш болғанымен, сол соғыста жас солдаттар қаза болып жатады. Бұл – украин халқы үшін қасірет. Ресей Қырымды тартып алғанымен қоймай, украин халқымен тарихтан бері бірге жасап келе жатқан Қырым татарларына да қысым көрсетіп, белсенділерін қудалап отыр. Украин халқы осының бәріне Ресей кінәлі екенін ашып айтады. Бауырлас екі халық қазір бірін-бірі ұнатпайды. Украинашыл және ресейшіл болып екіге бөлініп алды. Екі халық арасындағы бұл соғыстың соңы немен аяқталары әлі белгісіз. Украин халқы – ашық, шыншыл, болашағы зор халық. Еуропаға қосылғысы келетінін толықтай қолдаймын. Ресейдің өктемдігі мен озбырлығынан құтылып, еуропалық әділдікке, теңқұқылыққа, бостандыққа ұмтылғандары ұнайды. Түбінде Украина Ресейден мығым, дамыған елге айналады. Себебі, өз болашақтарына сенеді.

– Елге қашан келесіз? Елге келсеңіз, бүгінгі билік қудалайды деп қауіптенесіз бе?

– Елге бүгінгі билік жүйесі толықтай ауысқанда барамын. Одан ерте оралуға құлқым жоқ. Бұрын жай ғана әлеуметтік желідегі жазбаларым үшін соттаған билік енді мені аяйды дейсіз бе?.. Мен елімізде билік тарапынан болып жатқан бассыздыққа көз жұмып қарай алмаймын.  Бұл жүйеге сенбеймін. Мықты ел болу үшін әділ сайлау өткізу керек. Билік жаңармай, түбегейлі реформалар болмай,  ештеңе өзгермейді. Игіліктің бәрі ат төбеліндей билік басындағылар үшін емес, қарапайым халық үшін болуы керек. Қазақстан – сөз бостандығы жоқ авторитарлы мемлекет. Мұндай елде тек көнбістер мен жандайшаптар ғана тыныш өмір сүреді...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар