Ел жағдайын ең төменгі жалақы айқындайды

Dalanews 21 жел. 2023 04:52 915

Әдетте біз кез келген қаржылық шараны ең төменгі жалақыға қатыстыра қараймыз. ЕТЖ жағдайы қалай болса, елдің күнкөріс жағдайы да солай. Ал енді бұл тарапта не жасалып жатыр? Қалың жұрт бұдан хабардар ма?

Қазір Үкімет халықаралық тәжірибені және халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, ЕТЖ айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеуді жүргізіп жатыр.

Осы ретте ЕТЖ мөлшерін орташа жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып анықтау ұсынылып отыр. Бұл тәсіл жұмысшылардың кірістері мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бәрі бір-біріне байланысты дүние ғой.

Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің 600 мыңға жуық жекелеген санаттарының (бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, Мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджерлер, кадрлар жөніндегі инспекторлар, жүргізушілер, электриктер, тазалаушылар, күзетшілер, вахтерлер) жалақысын кезең-кезеңімен 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20 пайызға арттыру басталды. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады. Бұл еңбек нарығына елеулі өзгерістер әкеледі.

Келісім деген жақсы. Көбіне екіжақты келісімдер жасалады. Мемлекет салалық деңгейде жұмыскерлер үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеуге және қамтамасыз етуге бағытталған үш жақты келісімді қолға алды. Демек, Үкімет, жұмыс берушілер және еңбекшілер ұйымдары арасындағы үшжақты ынтымақтастық тетігі іске қосылады. Осындай дәйекті жұмыстың арқасында 2023 жылы әлеуметтік серіктестік туралы Салалық келісімдер 21 салада жасалды.


Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аудармаса болмайды. Осы бағытта  тиісті нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп жатыр. Кешенді шаралар қолға алына бастады. Мысалы, Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша депутаттар салалық сарапшылармен бірлесіп еңбекті қорғау, экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік және т. б. салаларда бақылау мен қадағалаудың толыққанды жүйесін құруға бағытталған "Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын" әзірлеу бойынша жұмыс істеу үстінде.

Әлеуметтік әріптестіктің атқаратын рөлі өте зор. Бұл күнде реформа төркіні жергілікті өңірлерді қамти бастады. Жиырма бір салада салалық келісім жасалғанын атап айтқан абзал. Бұл ретте, оның 13-в ең төменгі тарифтік мөлшерлемелер, разрядаралық коэффициенттер және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда (ауыл шаруашылығы, ғылым және жоғары білім, көмір өнеркәсібі, энергетика, атом өнеркәсібі, автомобиль көлігі, құрылыс, денсаулық сақтау, Байланыс және телекоммуникация, агроөнеркәсіптік кешен, ақпарат) істейтін қызметкерлерге қосымша ақы белгіленді.

Тағы бір өзекті тақырыпты айналып өтуге әсте болмайды. Еңбек қауіпсіздігі біздің тұрақты назарымызда тұрған мәселе. Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды "халық бақылаушылары" ретінде тартуды көздейтін "халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға республиканың 252 кәсіпорны қосылды, онда 600-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады.

2019 жылдан бері  Министрлік "нөлдік жарақат-Vision Zero" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда оған 440 кәсіпорын қосылды. Бұл да дәтке қуат беретін нәрсе.

Еңбек туралы заңнаманы сақтаудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыскерлермен және жұмыс берушілермен қашықтықтан өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін "Онлайн еңбек консультанты" электрондық сервисі іске қосылды. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейді. Сервис іске қосылған сәттен бастап оны 23 420 жұмыс беруші пайдаланды.


Депутаттар заңнамалық тұрғыда не істеп жатқанын баян еткен артық болмас. Жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық реттеу мақсатында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мынадай жұмыс режимдері енгізілді: бірлескен жұмыспен қамту; жылжымалы жұмыс кестесі; тараптардың келісімі бойынша төрт күндік жұмыс аптасы, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығы бар; платформалық жұмыспен қамту (негізгі және қосымша жұмыспен қамту рөлін атқара алатын еңбек қызметінің икемді форматы). Аталған шаралар осындай сервистерде орындаушы ретінде тіркелген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыспен қамтылған халықтың едәуір бөлігін "көлеңкеден шығаруға" ықпал ететін болады.

Бір сөзбен айтқанда, талайдан күрмеуі шешілмей келе жатқан тірліктердің түйінін тарқату аса маңызды. Мемлекет басшысының қойған талаптары да осы мақсаттан туындап жатыр. Сондықтан бұл істерге ұдайы назар аударатын боламыз.

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы. сенатор.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар