2025 жылғы мамырда халықтың алдағы бір жылдағы инфляциялық күтулері сезілетін
инфляцияға берілген бағаның өсімі аясында 14,1%-ға дейін артты. Сонымен қатар, бес
жылдық кезеңде күтілетін инфляцияның медианалық мәні сәл төмендегенімен, әлі де
жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Ұлттық Банктің ай сайын жүргізетін сауалнама қорытындысында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сондай-ақ еліміздің алдағы бір жылдағы даму перспективалары бойынша бағалаулардың
өсуі мен қомақты қаражатқа сауда жасауға дайын болуы бойынша бағалардың өсуі
нәтижесінде тұтыныс көңіл-күйі жақсарғаны байқалады, делінеді Ұлттық Банктің аталған сауалнама қорытындысында.
2025 жылғы мамырда алдағы 12 айда күтілетін инфляцияның медианалық мәні 14,1%-ға дейін өсті (2025 жылғы сәуірде – 12,2%).
Ал 5 жылдан кейін күтілетін инфляцияның медианалық мәні cәл төмендеп,13,7%-ға түсті (14,3%).
2025 жылғы мамырда кейінгі 12 айда сезілген инфляцияның медианалық мәні 13,5%-ға дейін өсті (2025 жылғы сәуірде – 12,2%). 2025 жылғы мамырда азық-түлік бағасы өскенін атап өткен респонденттердің үлесі 79,1%-ға дейін өсті (сәуірде – 77,8%).
Сонымен қатар, азық-түлік емес тауарлардың қымбаттағанын айтқандардың үлесі 8,9%-ға дейін түсті (9,6%) және ақылы қызметтер қымбаттағанын байқағандар 8,2%-ға дейін азайды (9,4%).
"2025 жылғы мамырда респонденттердің басым көпшілігі азық-түлік өнімдерінен
жеміс-жидек пен көкөніс, ет өнімдері, ірімшік пен шұжық бағасы өскенін атап өтті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрылымында халық ең алдымен дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың, тұрмыстық химияның, киім мен аяқ-киімнің қымбаттағанын көрсеткен. Ақылы қызметтерден респонденттер тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, интернет пен ұялы байланыс қызметтері, сондай-ақ медициналық қызметтер едәуір қымбаттағанын айтып өтті", делінген хабарламада.
2025 жылғы мамырда тұтыну көңіл-күйі индексі 101,4-ке дейін өсті (2025 жылғы сәуірде – 100,8). Күтулерді бағалауда елдің алдағы бір жылдағы даму перспективасына деген сенім 6,3 пунктке өсіп, 111,9-ға жетті.
Сонымен қатар, алдағы бір жылдағы жеке материалдық жағдайдың өзгеруін бағалау 2,2 пунктке төмендеп, 111,4-ке түсті. Оған қоса, қазіргі жағдайды бағалауда кейінгі бір жылдағы жеке материалдық жағдай көрсеткіші 0,1 пунктке сәл өсіп, 85,5 болды. Қомақты қаражатқа сауда жасауға дайындық көрсеткіші де 0,9 пунктке өсіп, 97,8-ге жетті.