Қазақстанда экстремистік және террористік материалдарды сақтауға заң жүзінде тыйым енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Dala News.
Мәжілісте бірінші оқылымда қаралған заң жобасына сәйкес, бұрын тек мұндай материалдарды әкелуге, таратуға және дайындауға тыйым салынса, енді оларды сақтауға да шектеу қойылады.
Депутат Болат Керімбектің айтуынша, бұл өзгерістер экстремизмнің алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар заң жобасы аясында экстремизмнің пайда болу себептерін зерттеу және оның таралуына ықпал ететін факторларды жою міндеттері де қарастырылған.
Бұдан бөлек, түзетулер мемлекеттік құпиялар саласындағы жауапкершілікті күшейтуді көздейді.
Мәжіліс қорытындысына сәйкес, жаңа нормалар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың жұмысын тиімдірек етуге және заңдағы олқылықтарды жоюға бағытталған.
