Экономист-маман баспана бағасына қатысты болжамымен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 20 жел. 2024 11:57 421

Белгілі экономист Эльдар Шамсутдинов ел азаматтарын жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер алуға асықпауға шақырады. Өйткені аталған нарықта сұраныстан гөрі ұсыныс көлемі жоғары. Ал мұндайда, маманның пікірінше, баға түсуі тиіс, деп жазады Dalanews.kz.

"Бірінші тұрғын үй нарығы (салынып жатқандары) қызып тұр, бүгіндері құрылыс компаниялары өз ұсыныстарымен сұранысты белсенді түрде ынталандыруда. Сондықтан алдағы айларда эмоцияға беріліп, бірінші нарықтан баспана сатып алып қойып жүрмеңіздер. Ірі қалаларда екінші нарықта (қолданыстағы үйлер) қолайлы жағдайлар ұсынылуда", – деп жазады Шамсутдинов Telegram-дағы Коментарий арнасында.

Оның пікірінше, қымбаттаған доллар үй бағасына қатты әсер ете қоймайды, өйткені негізгі құрылыс материалдары (бетон және қиыршық тас) Қазақстанда өндіріледі. Бағалар әрлеу және импортталатын тауарларға қатысты өсуі мүмкін, сондықтан мұның жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысы бар. Мұндай жағдайда, әрине екінші нарық (қолданыстағы үйлер) тартымды бола түседі.

"Бірінші тұрғын үй нарығындағы бағалар, көбінесе манипуляцияға ұшыраған, олар нақты мәліметтерге сәйкес келе бермейді", – дейді Шамсутдинов.

Оның мәліметтері бойынша, жылжымайтын мүлік операциялары жыл бойында тоғыз айда 21,4%-ға, ғимараттарды күтіп ұстау және аумақтарды абаттандыру шығындары 26,77%-ға өскен, ал сәулет және инженерлік шығындар 14,7%-ға төмендеді.

Эльдар Шамсутдинов кейбір құрылыс компанияларының ҚҚС жеңілдіктері жойылғаннан кейін тұрғын үй бағасының күрт өсетіндігі туралы болжамды да жоққа шығарады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы қабылданбақ жаңа Салық кодексінің жобасында құрылыс компанияларын пәтерді сатқан жағдайда 12% көлемінде ҚҚС төлеуге міндеттеу ұсынылады. Бұрын бұл салық тұрғын үй құнына қосылып, қымбатшылық болады  деген болжамдар айтылған.

"Бағаның 12%-ға өсуі екіталай. ҚҚС тек құрылыс компаниясының маржасына әсер етеді. Егер тұрғызылған тұрғын үйдің өзіндік құны 800 млн теңге болып, оны 1 млрд теңгеге сату кезінде ҚҚС әсері шамамен 2,4% (24 млн теңге) құрайды", - деп есептейді Шамсутдинов.

Бұған дейін "2025 жылы үй қымбаттауы мүмкін. Мамандар оның біртүрлі екі себебін атады" деген мақала жариялаған болатынбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар