Бизнесті дамытудың басты қаржы көзі компаниялардың өз қаражаты болып табылады. 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларында отандық компаниялардың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 11 трлн 543,1 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 14,3%-ға көп, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Инвестицияларды қаржыландырудың басым көздері шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты болып қала береді: 7 трлн 320 млрд тенге немесе жалпы көлемнің 63,4%-ы. Инвестиция құрамындағы бюджет ақшасының көлемі 23% болып, өткен жылғы деңгейден 42,6%-ға артқан.Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банк саласының үлесі небәрі 3,5% болады", деп көрсетілген Ұлттық статистика бюросы ұсынған тың деректе.
Негізгі капиталдағы қалған 10,1% инвестиция қарыз алушы өзге көздерге тиесілі, соның ішінде шетелдік қарыздар да бар (3,2%).
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың НКИ өсімі Ақмола (49,3%-ға), Ақтөбе (38,7%-ға), Астана қаласы (35,8%-ға), Жамбыл (32,4%-ға), Алматы қаласы (26,1%-ға), Түркістан (25,1%-ға), Жетісу (21,6%-ға), Алматы (16,9%-ға), Солтүстік Қазақстан (16,8%-ға) және Павлодар (16,7%-ға) облыстарында байқалды.
Инвестицияның едәуір үлесін Астана қаласы (11,9%) және Алматы қаласы (11,2%) алады.
Жалпы шығындардың 68,3% ғимараттар мен имараттарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына және жалпы көлемнің 27,2% машиналарды, жабдықтарды және көлік құралдарын сатып алуға жұмсалады.
2025 жылғы қаңтар-тамызда негізгі капиталға салынған инвестициялардың негізгі үлесі өнеркәсіпке (37,3%) (оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіне және карьерлерді қазуына–15,7%, өңдеу өнеркәсібіне–(11%), жылжымайтын мүлікпен операцияларға (19,4%), көлік және қоймалауға (18%) және білім беру (7,3%) тиесілі.